Әлеумет

Еңбектің елеусіз ерлері

Таңғы бес жарым. Астана әлі ояна қоймаған. Көшеде көлік сирек, күнделікті қарбалас басталмаған шақ.

Қала тұрғындарының көбі тәтті ұйқыда жатқан осы мезетте Береке Болатбек үшін жаңа жұмыс күні басталады. Қолына сыпырғысын алып, өзіне тиесілі аумақты тазалауға кіріседі. Бірер сағаттан соң адамдар жұмысқа асығып, көлік көбейіп, қала қалыпты тіршілігіне көшеді. Ал сол кезде көшенің таза болуы – Береке секілді еңбек адамдарының таңмен таласа бастаған жұмысының нәтижесі.

Береке «Астана Тазалық» мекемесінде 15 жылдан бері еңбек етеді. Жастайынан осы кәсіпке араласып, бүгінде оның қыр-сырын жақсы меңгерген. Жылдар өте жұмыс та күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

Бұл жұмысқа әбден үйреніп кеттім. Тіпті басқа жұмысқа ауыссам, істей алмайтындай көрінемін, – дейді ол.

Сырт көзге көше тазалау бірсарынды жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның әр мезгілге тән машақаты бар. Қыста қармен арпалысса, көктем шыға еріген қардың суы мен қыстан қалған қоқысты тазалау басталады. Жаз бен күздің де өз қиындығы жетерлік. Берекенің айтуынша, бұл кәсіпте «жеңіл мезгіл» деген түсінік жоқ. Төрт маусымның төртеуі де төзім мен еңбекті талап етеді.

Оның жұмыс күні ерте басталады. Таңғы қарбаласқа дейін негізгі жұмыстың бір бөлігін аяқтап үлгеруге тырысады. Сағат алтыдан онға дейін тынымсыз еңбек етіп, аз-кем тыныққан соң түске дейін қайта жұмысқа кіріседі. Түстен кейінгі үзіліс отбасының да жағдайын ойластыруға мүмкіндік береді. Өйткені Береке – үш баланың анасы. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы он бір жаста, қызы тоғызда, ал кіші қызы сегіз жаста. Таңнан кешке дейінгі еңбек пен бала тәрбиесін қатар алып жүру оңай емес. Қанша шаршап келсе де, кешкі уақытын балаларына арнап, сабақтарын қадағалайды. Аптасына бір күндік демалысын да солардың жанында өткізуге тырысады.

– Жұмыс пен баланы қатар алып жүру анаға қиын, әрине. Бірақ уақыт табуға тырысамын. Кешке сабақтарын оқытамын. Қуанатыным – балаларымның сабағы жақсы, үлгерімдері де жақсы, – дейді Береке.

Күн сайын өзгенің тастаған қоқысын жинап жүрген ананың балаларына айтар тәрбиесі де тазалықтан басталады. Ол ұл-қыздарына өзінің қандай еңбекпен айналысатынын жасырмайды. Керісінше, анасының еңбегін көріп өскен бала айналасына жауапкершілікпен қарауды үйренеді деп сенеді. Береке үшін тазалық – тек коммуналдық қызметкердің міндеті емес. Ол – үйден басталатын тәрбие. Бала кішкентайынан қоқысты кез келген жерге тастамауды, жүрген ортасын таза ұстауды үйренсе, бұл дағды есейгенде де бірге қалады.

Бала үлкеннен көргенін істейді ғой. Егер үлкен адам қоқысты жерге тастаса, бала да соны қайталайды. Ал мен жинап жүрсем, балаларым да жинауға тырысады. Сондықтан тәрбиені кішкентайынан бастау керек, – дейді ол.

Расында, қаланың тазалығы тек таңғы бесте жұмысқа шығатын тазалықшыларға ғана байланысты болмауға тиіс. Бір адам қоқыс тастап, екіншісі оның соңынан жинай беретін ортада тазалық мәдениетін қалыптастыру қиын. Берекені толғандыратыны да осы. Әсіресе кейінгі буынның қаланы таза ұстауға деген көзқарасы өзгерсе дейді. Оның жастарға айтар тілегі де қарапайым: әркім өзінен кейін қоқыс қалдырмауды әдетке айналдырса екен. Артымыздан өсіп келе жатқан іні-сіңлілерге тазалықты сөзбен ғана емес, күнделікті әрекетімізбен көрсетсек дейді.

Таңғы бестің шамасындағы Астананы Береке көп адамнан өзгеше көреді. Күндіз кептелісі мен қарбаласы басылмайтын қала бұл уақытта мүлде басқа кейіпке енеді.

Таңғы бес жарымда қала тып-тыныш болады. Алты жарым-жетіге қарай көліктер көбейіп, тіршілік басталады. Оған дейін таза ауада жұмысымызды істеп алуға тырысамыз, – дейді ол.

Осы тыныштықта оның ойы кейде үйіндегі үш баласына кетеді. Ана үшін жұмыстың ауырлығынан бұрын балаларының жағдайы маңызды. Әсіресе өзі сырқаттанып қалған сәтте «үш баламды қалай асыраймын, қалай жеткіземін?» деген уайым жанын мазалайтынын жасырмайды. Жұмыста жүргенде де ойының бір шеті үйде қалады. Берекенің бүгінгі ең үлкен арманы да балаларымен байланысты. Байлық немесе биік мансап емес. Үш баласын қатарынан кем қылмай өсіріп, жеткізу және өз баспанасына қол жеткізу.

Қала біртіндеп оянып көшеге адамдар шығады, көліктер ағылып, күнделікті қарбалас қайта басталады. Біреу жұмысқа асығады, енді бірі баласын мектепке апарады. Көпшілігі аяқ астындағы таза көшеге назар да аудара бермейді.

Сымбат Бауыржанқызы