"Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек" – Бектенов
Үкімет өңірлердегі қазандықтарды жөндеуге қыруар қаржы бөлді.
Премьер-Министр Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында ЖЭО жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмаса, меншік иелері мен әкімдіктерге шара қолданылатынын жеткізді.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алдымен апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды.
Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады», — деді Үкімет басшысы.
Үкімет өңірлердегі қазандықтарды жөндеуге қыруар қаржы бөлді. Сәйкесінше, Үкімет басшысы жұмыс нәтижелерін тікелей өзі тексеретінін жеткізді.
«Өткен аптада мен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойдым. Сондай-ақ Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді.
Энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізілді. Енді «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансаларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуы тиіс», – деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол жергілікті жерлердегі барлық әкімнің жұмыстары қадағаланып отырғанын атап өтті. Әсіресе, Президент тапсырмаларының орындалуы – ерекше бақылауда.
«Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ.
Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек.
Сонымен қатар біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет.
Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Осы ретте Олжас Бектенов министрлер кабинетінің алдына мынадай міндеттер қойды:
жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15 мамырға дейін бекіту;
орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету;
барлық жылу көздерін отынмен уақытылы қамтамасыз ету;
коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жаз кезінде жинақтап алу жұмысын жандандыру.