Бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Асланбек Шымбергенов спорттық мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы спортшы Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Асланбек Шымбергеновтің сөзінше, ол шаршы алаңға қайта оралуды жоспарлаған. Тіпті жаттығуға кірісіп, кәсіби бокстағы мансабын жалғастыруға талпынып көрген.
Алайда спортшы кейін бұл ойын жүзеге асыра алмайтынын түсінген.
«Бірақ қолым жүрмеді. Сондықтан кәсіби мансабымды аяқтаймын деп шештім. Бүгінде Жамбыл облысындағы кәсіби бокс клубында басшының орынбасары болып жұмыс істеп жүрмін», – деді ол.
Асланбек Шымбергенов 1993 жылғы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол бірнеше жыл бойы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп, ел боксының көшбасшыларының бірі болды.
Спортшы – Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Ол 2022 жылы Азия чемпионатында жеңімпаз атанса, 2023 жылы әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ 2019 жылы әскерилер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген.
Шымбергенов 2018 жылғы Азия ойындарында күміс, ал 2023 жылғы Азия ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді. 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





