Қоғам

Құрылтай депутаттарының әдебі отырыстан тыс кезде де сақталуы тиіс

Дания Еспаева депутаттық әдепті бұзғандарға бірнеше тәртіптік шара қарастырылғанын атап өтті.

Құрылтай депутаты Дания Еспаева депутаттық әдеп талаптары тек Құрылтай отырыстары кезінде ғана емес, одан тыс уақытта да сақталуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, депутаттың сөйлеген сөзі кезінде әріптестерінің немесе өзге де адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін негізсіз ескертулер мен қорлау сөздері депутаттық әдепті бұзу болып саналады.

Сонымен қатар депутат бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берілетін мәліметтердің шынайылығына да ерекше талап қойылатынын айтты.

Еспаеваның айтуынша, Құрылтайда депутаттық әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету үшін Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Кеңес жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерді қарайды.

Дания Еспаева депутаттық әдепті бұзғандарға бірнеше тәртіптік шара қарастырылғанын атап өтті.

Олардың қатарында ескерту және сөгіс сипаты, жария түрде кешірім сұрату, Құрылтайдың бір отырысында сөз сөйлеуге тыйым салу, үш отырыс бойы сөз бермеу, бір немесе үш отырыстан шығару, бір күндік жалақысынан айыру бар.

Депутаттың сөзінше, бұл шаралар Құрылтай депутаттарының жауапкершілігін арттырып, олардың қоғам алдындағы мінез-құлқы мен айтқан мәліметтерінің дұрыстығына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған.