Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты
Президент Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) мерейтойлық саммитіне қатысты.
Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Ресей Федерациясының Президенті лауазымына ресми түрде кірісуімен құттықтады.
Қазақстан Президенті осыдан он жыл бұрын Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа қол қойылғанына назар аударды.
Мемлекет басшысының пікірінше, ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету және қызметтердің ортақ нарығын қалыптастыру арқылы жоғары деңгейдегі өзара интеграциялық ықпалдастық нығая түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында одан әрі орнықты даму үшін бірлестік неғұрлым икемді және тиімді болуға тиіс деп санайды. Сондай-ақ Президент Дүниежүзілік банктің есебін мысалға келтіріп, қазіргі онжылдықтың бірінші жартысындағы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болуы мүмкін екенін айтты.
Мемлекет басшысы «сыртқы сауданы қайта құру» ісін тағы бір негізгі міндет ретінде атап өтті.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Қазақстан Моңғолиямен уақытша сауда келісімін жасау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешімді қолдайды. Оған қоса Азия, Африка және Таяу Шығыстағы жылдам дамып келе жатқан елдермен ынтымақтастықтың перспективасы зор.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, сыртқы нарықтармен байланыстыратын орнықты көлік жүйесінің болуы ұзақмерзімді интеграцияны жолға қоюдың негізгі шарты болып қала береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық аумағындағы халықаралық автомобиль өткізу пункттері жаппай жаңғыртыла бастағанын айтты. Осынау кешенді инфрақұрылымдық шешімдер Еуразия күре жолдарын одан әрі бір-бірімен ұштастыруға және мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.
Қазақстан Президенті өнеркәсіп саласындағы кооперацияны тереңдетуді келесі басым міндет ретінде атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «Еуразиялық бестікке» кіретін елдер экспортының 90 пайызға жуығы аралық тауарлардан құралған.
Мемлекет басшысы мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор екеніне тоқталды. Бұл сала экономикалық өсімге тың серпін бере алады.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде табысты цифрлық трансформация тек жекелеген елдердің ғана емес, бүкіл өңірдің экономикалық дамуы мен технологиялық дербестігін айқындайтын факторға айналып отыр.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында ЕАЭО құрылғаннан бері 10 жыл ішінде Одаққа мүше мемлекеттер барлық бағыт бойынша таңқаларлық нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ ұйымның әлеуеті зор екенін ескере отырып, әлі де көп жұмыс істеу қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстан тең құқықтық және өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген экономикалық интеграцияны қолдайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндікті пайдалана отырып, жиынға қатысушыларды келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Қазақстан Президентімен қатар саммитке Армения Премьер-министрі – ЖЕЭК төрағасы Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттердің басшылары – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес, сондай-ақ ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты
Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.