Ата-аналар мұғалімді жұмыс уақытынан кейін мазаламау керек: министр жауап берді
Ол ата-аналар педагогтің кешкі уақыттағы жеке өміріне құрметпен қарауға тиіс екенін айтты.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің жұмыс уақытынан кейін ата-аналар чатындағы сұрақтарға жауап беруіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, ата-аналар педагогтің кешкі уақыттағы жеке өміріне құрметпен қарауға тиіс, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Министр әр педагог күніне орта есеппен алты оқу сағатын өткізіп, жүздеген баламен жұмыс істейтінін атап өтті. Сабақ аяқталғаннан кейін де мұғалімнің жұмысы жалғасады: ол оқушылардың дәптерін тексеріп, бағаларын қойып, келесі күнгі сабаққа дайындалады.
Бұған дейін министрдің мұғалімдер кешкі сағат 18:00-ден кейін ата-аналар чатындағы сұрақтарға жауап бермеуіне болады деген сөзі қоғамда талқыланған еді.
Сүлейменова «Педагог мәртебесі туралы» заңда мұғалімнің жұмыс және жеке уақытына қатысты мәселе реттелгенін айтты. Алайда сағат 18:00-ден кейін жауап беруге нақты шектеу енгізу мәселесі әзірге шешілген жоқ. Министрдің сөзінше, бұл ата-аналар қауымдастығымен ақылдаса отырып қаралады.
Сонымен бірге балаға қатысты шұғыл жағдайлар ерекшелік болуы мүмкін.