Абай облысында күйеуі әйелін пышақтап тастаған
Ер адам ішімдікке әуес болған.
Абай облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қайғылы жағдай тіркелді: әйел өз күйеуінің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Ер адам ішімдікке әуес болған, себепсіз қызғаныш танытып, әйелін жүйелі түрде ұрып-соғып отырған. Алайда әйел болып жатқан жағдай туралы ешкімге хабарламаған, қоғамның айыптауынан қорқып, отбасындағы мәселелерді ұят санап, зорлық-зомбылыққа үнсіз төзген. Кезекті жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды — оқиға орнына келген полиция қызметкерлері әйелді пышақ жарақатынан қаза тапқан күйінде анықтады.
Осы қайғылы жағдай Абай облысы Полиция департаменті дайындаған 18+ әлеуметтік роликке негіз болды. Оның басты мақсаты — зорлық-зомбылыққа ұзақ уақыт бойы үнсіз төзу мен болып жатқан жағдайды жасырын ұстаудың қандай орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсету.
2026 жылдың сегіз айында өңірде отбасылық-тұрмыстық салада 62 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке 2 683 құқық бұзушы тартылды. Оның ішінде 423 құқық бұзушылық қайталанған.
Зардап шеккендерді қорғау мақсатында полиция қызметкерлері 2 455 қорғау нұсқамасын шығарды. 395 отбасылық жанжал шығарушыға мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, тағы 95 адам психокоррекциялық курстардан өтуге жіберілді.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық — отбасының жеке мәселесі емес. Қорқыту, қорлау, толық бақылау, себепсіз қызғаныш және ұрып-соғу — елемеуге болмайтын алаңдатарлық белгілер. Агрессордың жазасыз қалуы қайталанған шабуылдарға және орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауға шақырады. Егер сізге немесе жақындарыңызға қауіп төндірілсе, физикалық күш қолданылса немесе психологиялық қысым көрсетілсе, дереу көмекке жүгініңіз.