Қоғам

Арыста мұғалім мас күйінде үш адамды қағып өлтірді

Түркістан облысының Арыс қаласында мас күйінде көлік жүргізіп, үш адамды қағып өлтірген мұғалімге қатысты сот үкімі шығады. Прокурор 10 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бүгін, 7 қыркүйекте, Түркістан облысының Арыс қаласында мас күйінде үш адамды қағып өлтірген мұғалімге қатысты түпкілікті үкім шығады деп күтілуде. Бұл туралы сот отырысы барысында белгілі болды.

Өткен аптада өткен сот жарыссөзінде прокурор айыпталушыны 10 жылға соттауды сұраған еді. Алайда оның кәмелетке толмаған қызы бар екенін ескеріп, жазаны бір жылға кейінге қалдыруды ұсынды. Мұндай жеңілдікке марқұмдардың туыстары қарсы шығып, кінәліні қатаң жазалауды талап етті.

Мемлекеттік айыптаушы Ақжарқын Оразбай сотталушыны өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыруды да сұрады. Ол Қылмыстық кодекстің 58-бабы 2-бөлігіне сәйкес жаза тағайындау қажеттігін атап өтті. «Асырауында 14 жасқа толмаған қызының бар болуына байланысты тағайындалған жазаның орындалуын 1 жылға кейінге қалдыруды сұраймын», – деді прокурор.

Сотталушы Бибінұр Қасымова болған жағдайға өкініш білдіріп, марқұмдардың отбасыларынан кешірім сұрады. Ол мүмкіндігі шектеулі қызы бар екенін алға тартып, жеңіл жаза беруді өтінді. Жергілікті мектептердің бірінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін әйел қайғылы оқиғаға себепкер болған.

Қайғылы оқиға биыл 6 маусымда болған еді. Мас жүргізуші ауласында бейқам отырған екі отбасын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Салдарынан үш адам сол жерде көз жұмды. Қаза тапқандардың бірі – 29 жастағы балабақша тәрбиешісі Айшолпан Шәріпбек. Жүкті келіншек өзінің 2 жасар ұлымен бірге құлаған қоршаудың астында қалып қойған. Оның артында кәмелетке толмаған үш ұлы жетім қалды. Сонымен қатар көршінің 5 жастағы қызы да үйінді астында жан тәсілім етті.

Апат кезінде тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Олардың арасында оқиға орнында көз жұмған 5 жасар қыздың анасы, 30 жастағы Дана Үсімбек пен оның бір жарым жастағы сәбиі бар. Сот жарыссөзінде ауыр жарақаттан мүгедек болып қалған әйел көз жасына ерік берді. «Өсіріп, бағып отырған перзентімізден айырылып отырмыз, өзім мүгедек болдым. Менің және баламның денсаулығы қайтадан орнына келмейді. Марқұм қызымды мектепке жетектеп апаратын шағында басына құран бағыштауға барып жүрмін», – деді жәбірленуші Дана Үсімбек.