Алматылық дәрігерлер салмағы небәрі 740 грамм болған сәбидің өмірін сақтап қалды
- авторОймақ
- Бүгін, 22:10
- 66
Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері салмағы 740 грамм болып дүниеге келген нәрестенің өмірі үшін 80 күн бойы күресті. Жүктіліктің 26-аптасында шұғыл кесарь тілігі арқылы туған сәби бүгінде анасымен бірге аман-есен үйіне шықты, деп хабарлайды OImaqnews.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сәби шұғыл кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Жүктілік плацентаның ажырауы және қан кетумен асқынған. Жүктіліктің небәрі 26 аптасында әр грамм мен әрбір тыныстың маңызы зор болды.
Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап жаңа туған нәрестеге қарқынды медициналық көмек қажет болған.
"Сәби 40 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратында болды. Одан кейін тағы екі аптаға жуық уақыт бойы мұрын арқылы СИПАП әдісімен тыныс алу қолдауын алды", - дейді Алматы қаласы №2 қалалық перинаталдық орталығының директоры Светлана Рахимова.
Жалпы алғанда кішкентай пациент жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия бөлімінде 56 күн жатты.
Дәрігерлер мұндай балалар үшін өздігінен тыныс алуға көшу, жағдайының тұрақтануы және үйге шығу – нағыз күрес екенін атап өтті.
Баланың жағдайы жақсарғаннан кейін ол реанимация бөлімінен әрі қарай күтім жасау және оңалту үшін тиісті бөлімшеге ауыстырылды. Содан кейін көптен күткен күн де жетті. Өмірінің 80-тәулігінде сәби үйіне шықты.
Салмағы небәрі 740 грамм болған кішкентай сәби өмірінің алғашқы ең күрделі кезеңдерінің бірінен өтіп, нағыз кішкентай жеңімпазға айналды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






