"Әлия": Аты аңызға айналған мерген туралы фильм түсірілмек
Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға арналған "Әлия" көркем фильмі келесі жылы прокатқа шығады.
Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға арналған "Әлия" көркем фильмі келесі жылы прокатқа шығады. Фильм мерген қыздың 100 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында көрсетілетін болады. Басты рөлге кастинг санаулы күннен кейін, яғни символикалық түрде 9 мамырда басталмақ.
Әлия Молдағұлова туралы көркем фильм түсіру ресейлік журналист, тележүргізуші және актриса Алена Кулешованың идеясы, әрі ол сценарий атворларының бірі болып саналады. Мұны 2019 жылы Санкт-Петерборда Молдағұлованың ескерткіші ашылған сәттен бастап, ойға алған екен.
Ескерткіштің ашылу салтанатында Алена Кулешова Әлияның туысы Сапар Молдағұловпен кездесіп, танысады. Мәскеуге оралған соң, репортажы жарық көргеннен кейін, фильм түсіру туралы шындап ойлана бастайды. "Фильм түсіру туралы ойлаған сайын Әлияның бейнесі де айқын бола түсті. Сюжетке арналған эскиздерім де көз алдыма келе бастады. Мұны бірге істейтін досым Александр Шуховқа айтып едім, ол: "Әлия туралы фильм болуы мүмкін" деді. Бірақ мұндай фильмнің жоқтығына сене алмадым. Шынымен, бар екені белгілі болды" дейді Кулешова.
1985 жылы режиссер Болотбек Шәмшиев "Қазақфильмде" "Мергендер" фильмін түсіргені белгілі. Басты рөлді қырғыз актрисасы Айтурған Темірова ойнады. Кулешова "Мергендер" фильмін көріп шыққан соң, режиссер Шәмшиевпен де жолығып, сөйлеседі. Өкінішке қарай, сценарийді көрсетсем деген мақсаты жүзеге аспады. Шәмшиев арада жарты жыл өткенде қайтыс болады.
Фильмді түсіру үшін үш жылдай уақыт жұмсаған. Әлия туралы шындықтың бәрін айту, көрсету оңай шаруа емес. Режиссер "Мергендерде" айтылмаған оқиғаларды "Әлияда" көрсеткісі келеді.