Әлеумет

Жітіқарада өгей ұлын өлтірген еркек 23 жылға сотталды

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қостанай облысы Жітіқара қаласының тұрғыны өгей ұлын өлтіргені және жұбайын өлтіруге оқталғаны үшін сотталды. Сот оны 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

Қостанай соттарының дерегінше, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жітіқара қаласының тұрғынына қатысты адам өлтіру, яғни басқа адамды заңсыз қасақана өлтіру және адам өлтіруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық істі қараған.

Сот 2026 жылғы сәуірде сотталушы жанжал барысында алкогольдік масаң күйде жұбайының іш тұсына пышақпен соққы жасап, оған ауыр дене жарақатын келтіргенін анықтады. Сонымен бірге жәбірленушінің айқайын естіген әйелдің кәмелетке толмаған ұлы оқиға орнына жүгіріп барып, өгей әкесін тоқтатпақ болған. Ол өгей әкесінің қолындағы пышақты қағып жіберуге әрекет жасаған. Алайда ер адам оның кеуде тұсына пышақпен төрт рет соққы жасаған. Алған жарақаттарының салдарынан кәмелетке толмаған бала қайтыс болған.

Оқиға мұнымен де аяқталмаған. Ол жұбайын өлтіруге бағытталған әрекетін жалғастырып, оған қайтадан пышақ ала жүгірген. Осы кезде жәбірленушінің ағасы араша түсіп, оның қолындағы пышағын тартып алған.