Соғыс және фильм: батырлардың кинодағы бейнесі неге жоқ?
Көркем әдебиет пен фильмдерден аз-аздап көргені болмаса, ІІ дүниежүзілік соғыстың шынайы бейнесін бойға сіңіре алған жоқ. Олар кеңестік идеология негізінде жазылған шығармалар арқылы ғана тарихтан хабардар болды. Нағыз қаһармандар туралы шындық айтыла қоймады.
«Біз соғысты көрген жоқпыз». Тіпті, біздің әкелеріміз де соғысқа барған жоқ. Бірақ олардың әрқайсысы соғыс жылдары дүниеге келген ұрпақ еді. Тылдағы қиындықтың қандай екенін там-тұмдап болса да, бастан кешірді. Көзбен көрді. Сезінді. Ал бүгінгі жастарға соғыс тақырыбы тіпті таңсық. Көркем әдебиет пен фильмдерден аз-аздап көргені болмаса, ІІ дүниежүзілік соғыстың шынайы бейнесін бойға сіңіре алған жоқ. Олар кеңестік идеология негізінде жазылған шығармалар арқылы ғана тарихтан хабардар болды. Нағыз қаһармандар туралы шындық айтыла қоймады. Батырлардың ерлігі елеусіз қалды. Ұмытылды. Шаң басқан архивтерде қалып қойды. Бертінде ғана бұл тақырып көтеріле бастады. Оған себеп болған жанның бірі – Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы. «Ұмытылған қаһармандар» кітабы – соның нақты дәлелі.
Әлия мен Мәншүктің кинодағы келбеті
«Ұмытылған қаһармандар» демекші, бізде соғыс батырларын ұлықтаған шығармалар кемде-кем. Жоқтың қасы деуге болады. Қаһармандардың кинодағы образын табу қиын. Соғыс туралы бар-жоғы бірнеше фильм ғана бар. Оның өзі кеңес дәуірінде түсірілген. «Мергендер» фильмін түсірген – қырғыз режиссері Болотбек Шәмшиев. Әлия рөлінде қырғыз актрисасы Айтұрған Темірова ойнайды. Кеңес Одағының Батыры, қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұлованың соғысқа өз қалауымен сұранып, әскердің алдыңғы шебінде болған сәтін, Ленинградты азат ету ұрысында ерлікпен қазақ тапқанын суреттейтін бірден-бір фильм. Ал Мәншүктің образын кинода қалдырған талантты режиссер Мәжит Бегалин еді. Фильм 1980 жылы түсірілді. Оның сценарийін Андрей Михалков-Кончаловский жазған. Мәншүктің рөлін Наталья Арынбасарова сомдады. «Мәншүк туралы жыр» фильмі Беларусь жерінде түсірілді. Бегалин болмаса, Мәншүктің бейнесі кино тарихында қалмас па еді, кім білсін?! Одан бөлек, Мәжит Бегалин түсірген тағы бір фильм бар. Ол қаһарман Бауыржан Момышұлына арналады. «Мәскеу үшін шайқас» фильмі – КСРО-ның төл туындысы. Картина «Волоколамск тасжолы» повесі негізінде түсірілді. Фильм 1967 жылы шыққан. Ал тағы бір қаһарманымыз Қасым Қайсенов туралы туынды бертінде ғана дүниеге келді. Оны үш бірдей мемлекет бірігіп түсірді. Қазақстан, Ресей мен Украинаға ортақ туынды 2013 жылы экранға шықты. «Таңдауға құқық жоқтың» режиссері – Леонид Белозорович, Қасым бейнесін белгілі актер Қуандық Қыстықбаев сомдады. Соғыс келбетін көрсететін тағы бір туынды бар: ол – «Анаға апарар жол» фильмі. Оның режиссері – Ақан Сатаев. Бұл фильм 2016 жылы түсірілген. Соғыс кейіпкерлері туралы түсірілген ат төбеліндей фильмдер осы ғана.
Хиуаз бейнесі неге көркем образға айналмады?
Қазақтың тағы бір батыр қызы – ұшқыш Хиуаз Доспанова. Ол Оңтүстік майданда, яғни Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Беларусь, Польша, Германия аспанындағы шайқасқа қатысқан. Ол кездегі авиациядағы штурманның атқаратын рөлі ерекше маңызды болатын. Олар ұшақты алдын ала анықталған жау құрамаларының дәл төбесіне әкеліп бомбалайтын. Сондай-ақ олар ұшаққа жау тарапынан шабуыл жасалғанда әуе шайқасын да жүргізеді. Ал экипаж командирі алда-жалда мерт болса немесе жаралана қалса, штурман өзі отырған жерінен ұшақты да басқарып, әуедегі шайқасты жалғастыра береді. Әуеде қарша бораған оқтың арасында жүріп, осындай бірнеше міндетті бір адамның атқаруы екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Ал Хиуаз анамыз осы міндетті абыроймен, тіпті асқан шеберлікпен атқара білді. Ол 300-ден астам маңызды тапсырмаға жіберіліп, барлығында да ерлік көрсетті. Батыр қызға Халық Қаһарманы атағы 2004 жылы берілді. Оның ерлігін бағалаған да тәуелсіз қазақ елі болатын. Өкінішке қарай, Хиуаз бейнесі көркем образға айнала алмады. Не көркем шығарма жазылған жоқ, не фильм түсірілмеді. Әттеген-ай дейтініміз де осы.
«Қатардағы Райанды құтқару»
Бұл фильм 1998 жылы түсірілген екен. Стивен Спилбергтің соғыс тақырыбына түсірген осы бір тамаша картинасында Райанды құтқаруға аттанған сарбаздар өмірі баяндалады. Бір сарбаздың өмірін құтқару үшін бірнеше жауынгер қаза табады. Америкалықтар соғыс тақырыбына мүлдем жаңа бағытта келген. Мұнда ұрыс-керісті, жауынгерлік ерлікті, көзсіз батырлықты суреттеуді мақсат тұтпаған. Режиссер бұл фильмге гуманизм тұрғысынан келгені анық. Мұндай оқиғалар қазақта өте көп. Соғыс жылдарында қаралы қағаз алмаған қазақ шаңырағы кемде-кем. Бір отбасынан төрт бірдей азаматын соғысқа аттандырып, төртеуінен бірдей айырылып, қара жамылып қалғандар да жетерлік. Жазушы Әлібек Асқаров «Алтай, алтын бесік, ата жұрт» кітабында: «Фильмнің гуманизмі сонда, қаза болған солдаттар туралы «қарақағаз» жазып отырған қарапайым машинистка әйел бір ананың үш ұлына бірдей «қарақағаз» толтырғанын байқап қалады. Машинистка бұл мәселені өзінің сержант бастығына баяндайды. Сержант – кіші офицерге, кіші офицер – үлкеніне, үлкені – генералға, генерал одан жоғарыға баян етеді. Алдымен үш ұлдың бірдей қазасын анаға қалай жеткізу турасында мәселе тұрады. Үш арысынан қатарынан айырылған ана жүрегі мұндай қасіретті қайтіп көтерер екен? Кейін оның кенже ұлы барын, ол да ағалары сияқты майданда жүргені анықталады. Мұны естіген қолбасшы дереу кенже ұлды майданнан алып, аман-есенінде үйіне қайтару жөнінде бұйрық береді. Сөйтіп, бір бөлімше солдат кенже ұл Райанды іздеп шығады. Фильм финалында бөлімше түгелдей қаза болады, бірақ кенже ұлды анасына аман-есен қайтарады. Ал Қабырғаның қасындағы обелискідегі, қалың тізімнің орта тұсындағы қатарынан төрт ағайынды азаматтың атын оқығанда жүрегің мұздайды. Тұмарбаев Қалым, Тұмарбаев Қабанбай, Тұмарбаев Түсі,п Тұмарбаев Құсайын. Бір түтіннен төртеу кеткен... Бір шаңырақтан төрт бірдей арыс кеткен. «Қазақтың қасіретінің өлшеміндей, қайтпапты төрт баласы Тұмарбайдың». (Ғафу) Дариға-ай десеңші, тым болмаса кенже ұлды құтқарып қалу ешкімнің ойына келмегенін қарашы!» деп жазады. Қасірет пе, қасірет! Бұл біз білетін қасіреттің бір парасы ғана.
Көркем фильм неге жоқ?
Әлия үшін, батыр қыздың ерлігін көркем туындыға арқау еткені үшін Шәмшиевке қарыздар шығармыз. Бегалин де кеңестік идеология құрсауында отырып, Мәншүк туралы жыр жазды. Момышұлы туралы көркем фильм түсірді. Қасым Қайсеновті жазушы қылған партизандық өмірі. Ол да айрықша фильмге жүк болуы тиіс еді. Кеңес Одағы Қасым Қайсеновті, Рахымжан Қошқарбаевты, Хиуаз Доспанованы, Төлеген Тоқтаровты елеусіз қалдырды. Тарихи шындық көркем туындыға айнала алмады. Одан бөлек, қаншама батырлар, қаһармандар ескерусіз қалды. P.S.
Бұл соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам ұл-қыз қатысты. Әрбір екінші отандасымыз майданнан оралмады. Із-түзсіз жоғалғандар қаншама! 530 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Тәуелсіз Қазақстан тұсында Елбасы Жарлығымен 9 майдангер батырға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Олардың әрқайсысының ерлігі бір-бір фильмге сұранып тұр. «Қатардағы Райанды құтқару» секілді көркем туындылар неге түсірілмеске?! Әттең дерсің...
Гүлзина БЕКТАС,
Aiqyn газеті