Руханият

"Әлияның әкесі қуғын-сүргін құрбаны, шешесін атып өлтірген" – тарихшы Смағұлов

Белгілі тарихшы Сабырхан Смағұлов Әлия Молдағұлованың әкесі қуғын-сүргін құрбаны болғанын, ал шешесін атып өлтіргенін айтады. Ол Aiqyn газетіне берген сұхбатында қазақтың батыр қыздары туралы әңгімелеп берді.

"Сол кезде ортақ Отанымыз деп майданға аттанған Әлия мен Мәншүк қазақ халқының намысын қолдан берген жоқ. Дегенмен осы секілді өзге де батыр­­ларымыздың өмір тарихынан саяси қу­ғын-сүргін құрбанына айналған ақ­таң­дақтарымызды көреміз. Тәуелсіздік ал­ған­нан бері бұрмаланған тарихымыз бен ақ­таңдақтарымызды айқындап келе жа­тырмыз. Соның біріне мысал келтірер болсам, ол – Әлия Молдағұлова. Оның шын аты-жөні Сарқұлова Әлия Нұр­­­маған­­­бетқызы болуы керек. Ал өзінің азан шақырып қойған аты Ілия болатын, кейін­нен құжаттарда Әлия болып кеткен. 1920 жылдардың аяғы 1930 жылдардың басында сталиндік репрессия заманы Әлия мен Мәншүктің де отбасын айналып өтпеген. Соның бір көрінісі әкесі – Нұрмағанбет байдың ұрпағы ретінде қуғын-сүргінде болған. Ал шешесі Мар­жанды 1933 жылы ашаршы­лық кезінде азық-түлік табу үшін қызы Әлия мен ұлын ертіп картоптың масағын теріп жүргенінде күзетші атып өлтірген. Кейіннен әкесі оның денесін тауып алып жасырынып жүріп, Қобданың маңын­дағы Құрайлы деген өзен бойында жерлеген екен. Кейіннен ол тапталып, бейіті белгісіз болып қалған. Әлі күнге дейін Әлияның шешесінің сүйегі де табылмаған. Бір кездері журналистер ауылдастарының атынан бұл мәселені де көтерген еді. Мінекей, әкесі қуғын-сүргін құрбаны болған, шешесін атып өлтірген. 

Одан кейін Әлияның туған күніне де қатысты әртүрлі мәлімет кездеседі. Бір деректер бойынша, 1924 жылы 15 қазанда туған десе, екінші бір деректерде 20 сәуірде, 25 маусымда дүниеге келген деп жатады. Мұның бәрі де сол құжат­тардың жүйеленбеген, бір ретке келтіріл­ме­генінен. Тіпті, Әлияның өзінің де сүйегі де табылған жоқ. Соңғы шайқасы Ресейдің Псков облысы Новосокольники қаласы Казачиха деревнясында болған еді. Шайқаста Әлияның өзі 78 неміс әскерін атып өлтірген екен. Соның жар­тысына жуығын мерген, яғни снайпер ретінде, ал қалған­­дарын Холм қаласында және осы Новосо­кольники қаласында қоян-қолтық шайқаста жер жастандырған болуы керек. Казачиха деревнясындағы ауыр шайқаста рота командирі қаза тап­қанда Әлияның өзі бөлімшені шайқасқа бастаған. Аяусыз шайқаста өлім аузында жатса да өзін жаралаған неміс офицерін атып өлтіреді. Осылайша, Әлия ерен ерлікпен қаза тапқан. Кейіннен оны бауыр­ластар зиратына жерлеген. Міне, бір ғана Әлия­ның өмір тарихында осындай ақтаңдақ­тарымыз бар" дейді.