"Қазақтың батырлығының шырқау шыңы – Рейхстагтың төбесіне тігілген Ту болды" – Мұхтар Құл-Мұхаммед
"Міне, қазақ қандай халық дегенде, қазақ – батыр халық, батырлығын дәлелдеп өткен халық дейтініміз – осы".
"Қазақ халқының батырлық қасиетінің жаңа заманда көзге түскен кезі – Ұлы Отан соғысы деп сипатталған соғыс болды. Бұл ІІ Дүниежүзілік соғысқа сол кездегі 70-ке жуық мемлекеттің өкілдері қатысты. Жершары халқының 80 пайызын қамтыған Екінші жаһандық соғыста қазақ халқының батырлығының даңқы бүкіл әлемге жайылды. Сол кезде Совет Одағының бас басылымы «Правда» газетінде орыстың атақты жазушысы Илья Эренбург былай деп жазған. Сөзбе сөз келтірейін: «Один фриц мне сказал: «Против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это – казахи». Бұл – 1942 жылы 18 қазанда жарияланған мақала. Ал енді бұл соғыста шығын өте көп болды. Сонда қазақ халқының батырлығын көрсеткен азаматтардың барлығы бірдей батыр атағын ала алған жоқ. Мысалы, Төлеуғали Әбдібеков деген қазақ 397 немістің көзін жойған. Бір – өзі. Асқан мерген адам болыпты. Соғыста мергендердің өлтірген адамдары кітапшасында жазылып, командирлері қол қойып бекітіп отыратын болған. Ол кісінің ерлігі жайында сол 1942 жылдың өзінде «Комсомольская правда», «Красноармейская» газеттерінде мақалалар жарияланған. Сол секілді Ыбырайым Сүлейменов 268 немістің көзін жойған" дейді Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Қоғам қайраткері сұхбатында Ыбырайым Сүлейменов туралы да ойын білдірген. Онда:
"Ыбырайым Сүлейменов – 1943 жылы Невель қаласын жаудан азат ету шайқасында ерекше көзге түскен адам. Изоча стансасында «Ступенчатая высота» деп аталатын жотада қазақтың аяулы батыр қызы Мәншүк Мәметова екеуі немістерге қарсы кескілескен шайқаста қатар соғысқан. Ыбырайым Мәншүкке оқ тиіп, қаза тапқанда Мәншүктің денесін жауға тастамаймын деген шешіммен қасында қалып, екі қазақ сол жерде өлген. Мерген туралы деректер нақты болуы үшін біз 2019 жылдың 14 қазанында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салып, Ы.Сүлейменовке қатысты барлық кұжаттарды алдырған едік. Немістер оны сыртынан «дала мергені», «жаналғыш азиат» деп атап, қатты сескенген. Тіпті, Сүлейменовті атып түсірген неміс снайперіне мол сыйақы мен марапат та тағайындаған. Сөйткен батыр ұлға советтік билік батыр атағын қимай, бір жыл өткенде барып «Ленин» орденін ғана береді. Ал соғыстың алғашқы кезеңінде миллиондаған совет әскері бекерден-бекер тұтқынға түсіп, бекерден-бекер шейіт болып кетті. Тұтас армиялар, бірнеше миллионнан астам адам я шейіт болды, я концлагерьге түсті. Ал қазақтың батыр ұлдары бір ғана Төлеуғали мен Ыбырайымның өзі қаншама жаудың көзін құртты. Міне, қазақ қандай халық дегенде, қазақ – батыр халық, батырлығын дәлелдеп өткен халық дейтініміз – осы. Қазақтың батырлығының шырқау шыңы – Рейхстагтың төбесіне тігілген Ту болды. Оны бірінші болып тіккен де қазақ" екенін айтады.