Қазақстан Халық партиясы төрағасы үндеу жасады
"Сайлау қорытындысынан барлық қазақстандық пен тұтас еліміз ұтады".
ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін елімізде маңызды оқиға – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл – Жаңа Конституцияға сәйкес алғаш рет өткізіліп отырған сайлау.
Бұл сайлау – кезекті шара емес. Президент бастамашы болған ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңі жаңа Құрылтайдың жасақталуынан басталады.
Дауыс беру учаскелеріне келіп, сайлауға белсенді қатысқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз бен ел болашағына деген бейжай қарамайтындықтарыңыз – қоғамның саяси мәдениетінің көрсеткіші.
Қазақстан Халық партиясына дауыс берген әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Алдын ала экзитпол нәтижелеріне сәйкес, бізге сайлаушылардың кемінде 3 пайызы дауыс берген. Алайда бұл әлі түпкілікті нәтиже емес. Сіздердің сенімдеріңізді біз үлкен жауапкершілік әрі алдымызға қойылған міндет деп қабылдаймыз. Халқымыздың үмітін ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Біз белсенді әрі сапалық тұрғыдан жаңа сайлау науқанын өткіздік. Партиялар төрт бірдей республикалық телеарнада тікелей эфирде бетпе-бет пікірталас өткізді. Миллиондаған қазақстандық шынайы, редакцияланбаған пікірталасты көріп, тараптардың нақты ұстанымдарын естіді.
Сайлау науқаны барысында жүздеген халықаралық және мыңдаған қазақстандық байқаушы жұмыс істеді. Бұл – сайлау үдерісінің ашықтығының айғағы.
Президент жүзеге асырып жатқан реформалар партиямыздың идеологиясымен үндес. Біз өз рөлімізді осы реформаларды жүзеге асыруда сенімді серіктес болудан көреміз.
Құрылтайдың жұмысымен бірге еліміздің жаңарған саяси институттарын қалыптастыру үдерісі басталады.
Сайлау қорытындысынан барлық қазақстандық пен тұтас еліміз ұтады.
Бәсекелі әрі мазмұнды сайлау науқанын өткізген барлық кандидаттар мен партияларға алғыс айтамын. Бұл – саяси жүйеміздің кемелденгенінің белгісі.
Қазақстан Халық партиясы бүгінгі дауыс берудің объективті нәтижесін мойындайды және басқа партиялардағы әріптестермен сындарлы жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдейді.
Біздің басты мақсатымыз – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыру, Әділетті Қазақстанның сенімді дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету!
Назарларыңызға рақмет!
Нұрсұлтан Шоқанов,
Қазақстан Халық партиясының төрағасы