Руханият

Аршын ҚАБЫЛБЕК: Өнер – еркін болатын кеңістік

Суретші Аршын Қабылбектің картиналары Астанадағы ÓzgeEpic креатив хабына қойылды. «Сары дақтың сапары» атты жеке көрмеге 40-тан астам туынды қойылған. Суреттер адамның ішкі күйін, жалғыздық пен еркіндікті, тыныштық пен өзгерісті өзіндік бояу тілімен жеткізеді. Біз суретші Аршын Қабылбекпен көрменің идеясы, шығармашылық ізденісі туралы әңгімелескен едік.

– Аршын мырза, көрмеңізді «Сары дақтың сапары» деп атауыңыздың сыры неде? Сары дақ қайдан басталып, қайда сапар шегеді? Көрмеге қандай жұмыстарыңыз және қанша картина қойылды?

«Сары дақ» менің шығармашылығымда бір ғана түсті элемент емес, белгілі бір ішкі күйдің, адамның өзгеруінің белгісі ретінде пайда болды. Ол әр жұмыста әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін: кейде ол үміт, кейде ішкі жарық, кейде адам бойында қандай жағдай болса да жоғалмай сақталатын өзек секілді. «Сапар» деген сөзді бекер таңдаған жоқпын. Бұл көрме – бір нүктеде тұрған адамның емес, ішкі өзгеріс жолындағы адамның сапары. Ол қараңғылықтан жарыққа, жалғыздықтан өзіңді тануға, қысымнан еркіндікке қарай қозғалады. Сондықтан сары дақ та осы жұмыстардың арасынан өтіп, бір күйден екінші күйге өзгере отырып сапар шегеді.

Көрмеде бірнеше жыл ішінде және көбі осы 2026 жасаған жұмыстарым жинақталды. «Рух», «Жалғыздық эволюциясы», «Ішкі тыныштық», «Үнсіздік», «15 Тәулік» сериялары және «Қоршау» инсталляциясы «Қозғалыс »перформанс бар.Жалпы 40-тан астам жұмыс көрерменге ұсынылады. Бұл – жеке картиналардың жиынтығы ғана емес, бір-бірімен байланысқан бірнеше ішкі кезеңнің тарихы.

– Бұл сіздің нешінші көрмеңіз? Алда тағы қандай жоспарлар бар?

Бұл көрме мен үшін маңызды кезеңдердің бірі. Бұған дейін де топтық және жеке форматтағы көрмелерге қатыстым, 2017 жылы Алматы Қастеев мұражайында «?» атты жеке көрмем болды,алайда «Сары дақтың сапары» – өз шығармашылығымды тұтас бір жүйе ретінде көрсетуге мүмкіндік берген үлкен жоба. Алдағы уақытта осы жобаны тоқтатпай, әрі қарай дамытқым келеді. Көрменің басқа қалаларда да көрсетілуі туралы жоспарлар бар. Сонымен қатар жаңа сериялармен жұмыс істеп, қазіргі шығармашылық бағытымды тереңдеткім келеді. Мен үшін әр көрме — аяқталған нүкте емес, келесі кезеңге өтетін баспалдақ.

– Шығармашылығыңызға ойыссақ: Сурет өнеріне келуіңізге не түрткі болды? Суретші болуды қашан саналы түрде таңдадыңыз?

Сурет менің өміріме өте ерте келді. Бала кезімнен сурет салуға қызықтым. Алғашында оны жай ғана қызығушылық ретінде қабылдадым. Уақыт өте келе сурет мен үшін ойын емес, өзімді білдіретін негізгі тілге айналды. Мен суретші болуды бір күнде қабылдаған шешім деп айта алмаймын. Бұл біртіндеп қалыптасқан таңдау болды. Бала кезімнен бастап колледжде, кейін академияда білім алып, кәсіби тұрғыдан дамыған сайын осы жолдың менікі екенін түсіндім. Қазір мен үшін сурет салу – тек мамандық емес. Кейде сөзбен жеткізе алмайтын нәрсені бояу, форма, кеңістік арқылы айтуға мүмкіндік беретін тіл.

– Жұмысыңыздың негізгі бағыты мен стилі қандай?

Негізгі бағытым – адамның ішкі әлемін зерттеу. Мен жалғыздық, еркіндік, ішкі тыныштық, қысым, өзгеріс, адамның өзін іздеуі сияқты тақырыптарға жиі ораламын. Жалпы өзін тану деп айтсамда болады. Стиль жағынан өзімді бір ғана бағытпен шектегім келмейді. Жұмыстарымда абстрактілі және декоративті шешімдермен қатар, фактура, графика, символдық образдар қолданылады. Майлы бояумен, акрилмен, мастихинмен жұмыс істеймін. Мен үшін техникадан бұрын шығарманың ішкі мазмұны маңызды. Әр жұмыстың өзіне қажетті формасы мен фактурасын табуға тырысамын.

– Жасанды интеллект бірнеше секундта сурет жасап беретін кезеңге келдік. Мұндай уақытта адам қолымен салынған картинаның құндылығы неде деп ойлайсыз?

Жасанды интеллекттің мүмкіндігі өте үлкен, оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ меніңше, оның жасаған бейнесі мен адамның өмір сүріп отырып жасаған өнерінің табиғаты екі бөлек. Адам қолымен салынған картинада тек нәтиже емес, сол жұмыстың жасалу процесі де бар. Суретші өзінің уақытын, тәжірибесін, эмоциясын, күмәнін, қателігін, тіпті сол күнгі көңіл күйін жұмысқа қалдырады.

Мен үшін картина деген – жай ғана әдемі бейне емес, суретшінің белгілі бір уақытта өмір сүргенінің ізі. Жасанды интеллект бейне жасай алады, бірақ адамның өмірлік тәжірибесін дәл сол күйінде бастан кешіріп, оны кенепке өткізе алмайды. Сондықтан технология дамыған сайын адам қолымен жасалған өнердің құндылығы, керісінше, арта түседі деп ойлаймын. Өйткені біз біртіндеп дайын бейнелерге емес, сол бейненің артындағы адамға қызығатын боламыз.

– Қазақстандағы жас суретшілердің шығармашылық ортасы, галерея, көрме, арт-нарық жүйесі қаншалықты қалыптасты деп ойлайсыз?

Қазақстанда соңғы жылдары өнерге деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Жаңа галереялар, көрме алаңдары, арт-жобалар пайда болып жатыр. Жас суретшілер де өз жұмыстарын көрсетуге бұрынғыдан көбірек мүмкіндік алып келеді. Бірақ әлі де шешілмеген мәселелер бар деп ойлаймын. Әсіресе жас суретшіні тек көрме өткізу деңгейінде емес, кәсіби түрде дамыту, оның шығармашылығын насихаттау, коллекционерлермен байланыстыру және тұрақты арт-нарық қалыптастыру жағы әлі де дамуды қажет етеді. Суретші тек картина жасап қана қоймай, өз еңбегімен өмір сүре алатын жүйе қалыптасса, бұл өнердің дамуына үлкен әсер етеді. Бізге суретшінің шығармашылығына уақыт бөлуіне мүмкіндік беретін кәсіби орта керек.

– Шығармашылық тоқырау сізде бола ма? Ондай кезеңнен қалай шығасыз?

Әрине, болады. Кейде сурет салғың келмей қалады, бұрынғы жасаған жұмыстарың да көңіліңнен шықпайды. Бірақ қазір мен шығармашылық тоқырауды міндетті түрде жаман нәрсе деп қабылдамаймын. Кейде ол адамның ішкі өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бұрынғы тәсіл енді сені қанағаттандырмайды, бірақ жаңасы әлі қалыптасып үлгермеген кезең болады. Мен үшін ең қиын кезең де, ең қызықты кезең де осы аралық. Ондай кезде өзімді міндетті түрде бірден нәтиже жасауға итермелемеймін. Кейде басқа жұмыстарға, адамдарға, кеңістікке, табиғатқа назар аударамын. Кейде қайтадан қарапайым нәрседен бастаймын – түс, сызық, фактурамен жұмыс істеймін. Соңғы уақытта шығармашылықта өзіме бір нәрсені түсіндім: кейде сурет салмай тұрған кезеңнің өзі де шығармашылық процестің бір бөлігі. Ең бастысы – сол тоқырауда қалып қоймай, оның не айтқысы келетінін түсіну.

Соңында айтарым,«Өмірде міндетіміз көп шығар. Бірақ тым болмаса өнерде еркін болғым келеді. Өнерде мен біреуге ұнау үшін де, бір нәрсені дәлелдеу үшін де міндетті емеспін. Мен үшін өнер – еркін болатын кеңістік.

                                                                                                                                                                                                                      Сымбат Бауыржанқызы