Қоғам

Шымкентте жасөспірім пышақ жарақатын алды

Шымкентте жасөспірім аяғынан пышақ жарақатын алды, полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Instagram-дағы kritika_shymkent парақшасында 17 тамызда Шымкенттегі дендросаябақта жасөспірімдердің қатысы бар оқиға болғаны туралы ақпарат жарияланды.

"Кассаның дәл жанында фудтрак қызметкерлері бір-бірінің аяғына пышақ сұғып алды. Бұл не деген бассыздық, ата-аналар мен басшылық қайда қарап отыр? Кәмелетке толмаған балалар, ересектерсіз, пышақпен жүр", - делінген жазбада.

"Оқиғаға қатысы барлар анықталды. Пышақ жарақатын алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жанжалдың себептері анықталып жатыр.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда", - деп нақтылады полиция.

Шымкент қалалық ПД өкілдері тексеру нәтижесі бойынша барлық қатысушы тұлғалардың әрекетіне тиісті құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген шаралар қабылданатынын айтты.