Қайрат Рысқұлбековтің сотынан тарихи фото түсірген Юрий Беккер өмірден өтті
2026 жылғы 19 тамызда 68 жасында Қазақстанның белгілі фототілшісі Юрий Зельманович Беккер дүниеден өтті. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы ел тарихындағы маңызды оқиғаларды фотоға түсіріп, қазақ журналистикасы мен фотосурет өнерінде өшпес із қалдырды.
Юрий Беккер фотографияға бала кезінен ғашық болып, өмірінің соңына дейін осы мамандығына адал болды. Бір кезде әпкесі сыйлаған фотоаппарат оның тағдырын өзгертті. Мектептегі әуесқойлық жарты ғасырлық кәсіби жолға ұласты. Соңғы сұхбаттарының бірінде Юрий Беккер:
Өткен өміріме көз жүгіртсем, өз ісімді таба алған бақытты адаммын деп есептеймін, – деген еді.
Оның артында жұбайы Ирина, ұлдары Станислав пен Роман, немерелері Виктория, София және Михаэль қалды. Ал Қазақстан тарихында тұтас бір дәуірдің фотошежіресі таспаланды.
Юрий Беккер түсірген әрбір кадр – белгілі бір уақыттың, адамның немесе оқиғаның куәсі. Оның суреттерінде Қазақстанның қуанышы мен қасіреті, спорттағы жеңістері, қоғамдағы өзгерістері мен қарапайым адамдарының өмірі сақталған.
Фотограф өмірден өтті. Бірақ оның объективі түсірген мыңдаған сурет енді Қазақстан тарихының үнсіз сөйлейтін шежіресіне айналды.