Динара Сәтжанды балағаттаған ақтөбелік тұрғын кінәлі деп танылды
Үкім әзірге күшіне енген жоқ.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты журналист Динара Сәтжанды TikTok-тағы тікелей эфир кезінде балағаттаған Ақтөбе тұрғынын кінәлі деп таныды. Сот әйелді журналистке 200 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, өзін емші ретінде таныстырған әйел тікелей эфирде Динара Сәтжанның атына әдепсіз сөздер айтқан. Филологиялық сараптама бұл сөздердің қорлау сипаты барын анықтаған. Осыдан кейін журналист сотқа жүгінген.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, Сәтжанды ашумен балағаттағанын растаған. Алайда өзі айтқан сөздердің мағынасын білмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ Динара Сәтжанның өзін «ауру көктем» деп атағанын айтып, осы сөз ашуын туғызғанын жеткізген. Әйел кешірім сұрап, рақымшылық туралы заңды қолдануды өтінген.
Сот Ақтөбе тұрғынын кінәлі деп танып, айыппұл тағайындады. Алайда рақымшылыққа байланысты ол айыппұл төлеуден босатылды.
Динара Сәтжан моральдық зиян үшін 3 млн теңге өндіріп беруді сұраған. Сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып, 200 мың теңге өтемақы белгіледі. Бұдан бөлек, сотталушы адвокат, филологиялық сараптама және нотариус қызметіне кеткен 1,2 млн теңге шығынды өтеуге тиіс.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.