Саясат

"Шәмші Қалдаяқов" медалі - өнерге берілген жоғары баға - Аида Балаева

Бұл шешімнің маңызы жоғары екенін айтты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешімнің маңызы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz

Оның айтуынша, бұл шешім – мәдениет пен өнердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, осы салаға бар ғұмырын арнаған азаматтардың еңбегін лайықты бағалауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың жалғасы.

Министр бүгінгі шешімге жаңа Конституцияның қабылдануы да ерекше мән беретінін айтты. Оның сөзінше, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына қосылып, конституциялық деңгейде бекітілді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Оның 200-і Астана қаласында болса, 60 пәтер Алматы қаласында табысталған. Биыл тек Мәдениет пен өнер қызметкерлері күніне орай мемлекеттік наградалармен жүзден астам әріптесі марапатталған.

Аида Балаева Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыканы, композиторлық пен орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне берілетін жоғары баға болатынын айтты. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретшілердің, графиктердің, мүсіншілердің және басқа да бейнелеу өнері өкілдерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде лайықты бағалауға мүмкіндік береді.