Нұрай Серікбай ісі: прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады
Бұл туралы сот залынан мемлекеттік прокурор Мадияр Әбілқасымов мәлімдеді.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот пікірталасы басталды. Мемлекеттік айыптаушы сотталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы сот залынан мемлекеттік прокурор Мадияр Әбілқасымов мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Айыптау тарапы жәбірленуші тараптың барлық көрсетпелері толығымен дәлелденгенін атап өтті.
Бұған дейін марқұм Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушы Шерхан Аймаханнан 10 миллиард теңге моральдық өтемақы және 14,7 миллион теңге көлемінде материалдық шығын өндіруді талап еткен болатын. Жәбірленуші тарап аталған сома арқылы айыпталушының өмір бойы қаржылық жауапкершілік арқалауын қалайтындарын білдірді.
Еске салсақ, 21 жастағы студент Нұрай Серікбай осы жылдың басында Шымкентте қаза тапқан еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, айыпталушы бойжеткенді дүкен жанында аңдып тұрып, оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Қазіргі уақытта 28 жастағы Шерхан Аймаханға аса қатігездікпен адам өлтiру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылып жатыр.