сейсенбі, 11 тамыз, 2026 10:50

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне өзгеріс енгізіледі

Бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне өзгеріс енгізіледі
ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің жүктемесін азайтып, ашық әрі әділ бағалау жүйесін қалыптастыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

«Бастауыштағы бағалау – бұл мұғалімнің  шамадан тыс көп жүктемесін азайту, баланы қолдау, ата-анаға ашық әрі түсінікті бағалау жүйесін жасау, ең бастысы – білімнің сапасын арттыратын әділ бағалау жүйесін жасау», – дейді Жұлдыз Сүлейменова. 

Министрдің айтуынша, осы бағытта Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында бағалауға арналған арнайы бөлім құрылып жатыр.  Жаңа бөлім бағалау жүйесін ғылыми және әдістемелік тұрғыдан жүйелеумен айналысады.

«Бүгінгі таңда Ыбрай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында осы бағалауға арналған арнайы бөлім құрылуда. Бұған дейін бұндай бөлім болмаған. Енді ғылыми тұрғыдан, әдістемелік тұрғыдан әрбір бөлім бойынша, оған дейін типтік оқу бағдарламасына сәйкес, одан кейін бөлімге арналған аралық бақылау қанша болады, оған дейінгі формативті бағалау қалай жүреді, қанша ретімен болады, оны бағалаудың критерийі қалай болатындығы туралы Ыбрай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, әдістемелік-методолог ұстаздар біздің барлық мектептерге бірыңғай ұсынымдарды әзірлейтін болады», – дейді Жұлдыз Сүлейменова. 

Министр бастауыш сынып мұғалімдері үшін тағы бір маңызды жаңалықты атады. Жаңа оқу жылынан бастап бастауыштағы бағалау жүйесінен модерация ұғымы алынып тасталатын болды. 

Оқу-ағарту министрлігі бұған дейінгі тәжірибеде модерацияның көп жағдайда формалды сипат алғанын және мұғалімдерге қосымша, шамадан тыс жүктеме түсіргенін анықтаған.

«Екінші мәселе – бұл біздің ұстаздарымызға арналған сүйінші жаңалық: оқу жылынан бастап модерация ұғымы бастауыштың бағалау жүйесінен алынып тасталады. Неге? Өйткені біздің негізгі мақсатымыз – мұғалім үшін оның жүктемесін жеңілдету. Біз қазір көріп тұрмыз: көбінесе модерация формалды түрде, көп жағдайда мұғалімге шамадан тыс жүктеме алып келгендігін көрдік, сондықтан біз бұдан биыл бас тартамыз», – дейді министр. 

Сонымен бірге бастауыш сынып оқушыларының жазба, шығармашылық және бақылау жұмыстарына қатысты бағалау тәртібі де нақтыланады.

Қазақ тілі пәнінде диктант, мазмұндама, шығарма және басқа да шығармашылық жұмыстар қайта қаралып, бағалау жүйесіне енгізіледі. Ал математика пәнінен бақылау жұмыстары қайта енгізілмек.

«Үшінші мәселе, мысалы, біз қазақ тілінде диктант, мазмұндама, шығарма, сонымен бірге жалпы шығармашылық жұмыстарды, бұдан бөлек біз математикадан бақылауды қайтадан енгізіп жатырмыз. Енді баланың дәптерінің өзіндік бағасы болады. Яғни, бұрынғыдай ол тек қана ақпараттарға шығармайды, бала дәптерге жазады, сол дәптерді тексереді», – дейді Жұлдыз Сүлейменова. 

Ең бастысы, әр жұмысты бағалау кезінде мұғалімнің субъективті көзқарасын азайту үшін нақты критерийлер әзірленеді.

Мәселен, диктантты қандай талаптар бойынша бағалау керек, мазмұндамаға қандай өлшемдер қойылады – мұның барлығы нақты көрсетіледі.

«Қайталап айтамыз: әрбір тапсырманың, яғни диктантты қалай бағалау керек, соның критерийлері нақты айқындалуда, немесе мазмұндама қалай бағалануы керек, оның да критерийі айқын болады», – деп түсіндірді  министр. 

Осылайша, бастауыштағы жаңа бағалау жүйесі үш негізгі бағытты қамтиды: мұғалімнің жүктемесін азайту, оқушыны қолдау және ата-анаға түсінікті, ашық әрі әділ бағалау жүйесін қалыптастыру. Ал бірыңғай бағалау ұсынымдарын әзірлеу міндеті Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары мен әдістемелік бағыттағы мамандарға жүктеледі.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар