Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс сотқа жолданды
Тергеп-тексеру аяқталды.
Астана қалалық Полиция департаменті қызметтік міндетін атқару кезінде алған жарақаттарынан 2025 жылдың қараша айында көз жұмған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Еске салсақ, жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада қызметтік міндетін атқару кезінде алған жарақаттарының салдарынан 23 жасында қайтыс болды.
8 қараша күні ол жедел жәрдем бригадасының құрамында тұрғын үйдің кірпіш қаптамасы құлаған жерге шақырту бойынша барған. Үйінді астында қалған бес адамға көмек көрсету кезінде қаптама бөліктері мен кондиционер оның үстіне құлаған. Жансақтау бөлімінде он күн бойы аса ауыр жағдайда жатқан Ұлдана Мырзуан кейін көз жұмды.
Қазақстан Президентінің Жарлығымен Ұлдана Мырзуан қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.