дүйсенбі, 3 тамыз, 2026 14:24

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Вьетнамда "далада қалған" туристердің мәселесі бір күнде шешілді

Вьетнамда "далада қалған" туристердің мәселесі бір күнде шешілді
Қайрат Қоныспаев
Туристер әлеуметтік желіде бірден пікір білдірмеуінің себебін де түсіндірді.

Вьетнамда қонақүйсіз қалған қазақстандық туристердің мәселесі бір күн ішінде шешілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Вьетнамда демалып жүрген қазақстандық туристердің алғашқы күні күтпеген жағдаймен басталғанымен, мәселе жедел шешімін тапты. Бұл туралы әлеуметтік желіде Лейла есімді оқырман бөлісті.

Оның айтуынша, төрт отбасы, барлығы сегіз адам Kaspi Travel арқылы Вьетнамға тур сатып алып, Нячанг қаласындағы алдын ала брондалған қонақүйге келген. Алайда қонақүй әкімшілігі нөмірлердің ақысы төленбегенін айтып, бронь күшін жойғанын хабарлаған. Осыдан кейін туристер бірнеше сағат бойы қонақүйге орналаса алмай, мәселенің шешілуін күткен.

«Қонақүйге келгенде ресепшн қызметкерлері нөмірлеріміздің төленбегенін айтып, бронь күшін жойғанын жеткізді. Біз төрт отбасы, сегіз адам болып бірнеше сағат бойы қонақүйде күтуге мәжбүр болдық” дейді ол. 

Лейланың сөзінше, жағдай белгілі болғаннан кейін Kaspi.kz, Kaspi Travel және Compass Tour компаниялары мәселені бірлесіп шешуге кіріскен. Осы кезде Compass Tour компаниясының оперативтік директоры Ермек есімді қызметкер жағдайды өз бақылауына алған.

«Біз қонақүй іздеп кеткеннен кейін Compass Tour компаниясының оперативтік директоры Ермек мырза хабарласты. Өзі келіп, жағдайымызды толық тыңдады. “Достар, кешке дейін уақыт беріңіздер. Сіздерді міндетті түрде қонақүйге орналастыруға тырысамыз” деді. Ол бұл жағдайды сол күні ғана, шамамен сағат 11:30-да естігенін, бұлай болып жатқанынан хабары болмағанын айтты” дейді Лейла.

Оның айтуынша, компания алғашқы күндегі қолайсыздықтың орнын толтыру үшін қосымша демалыс бағдарламасын ұйымдастырған. Туристерге түскі ас ұсынылып, бірнеше туристік орынға тегін экскурсия жасалған.

«Алдыңғы күннің өтемі ретінде бізге түскі ас ұйымдастырды. Мраморный гор мен Monkey Hills-ке тегін экскурсияға апарды. Яғни алғашқы күн мен бүгінгі жарты күн үшін осындай сый жасап, көңілімізді көтеруге тырысты” дейді. 

Лейла әлеуметтік желіде бірден пікір білдірмеуінің себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, мәселе толық шешілмей тұрып жұртшылықты алаңдатқысы келмеген.

«Кешке дейін сториске шықпаған себебім – мәселе толық шешілмеген еді. Біз қонақүйге кешкі сағат 10:20 шамасында ғана орналастық. Картамызды алып, нөмірге кіргеннен кейін ғана бәрінің шешілгеніне көзіміз жетті. Ермек мырза жанымызда болды. Бізге Сева есімді гидті жіберді. Ол күні бойы бізбен бірге жүріп, барлық жерді аралатты. Бүгінгі күнімізді жақсы өткіздік. Аллаға шүкір! Ең алдымен мені қолдаған барша қазақ еліне, туған-туыстарыма, достарыма, құрбыларыма үлкен рақмет айтамын. Сонымен қатар, біздің мәселеміздің осылай тез шешілуіне атсалысқан Kaspi.kz, Kaspi Travel және Compass Tour компаниясына ерекше алғысымды білдіремін. Жұмыстарыңыз алға баса берсін! Әрдайым жақсы клиенттеріңіз көп болсын! Бүгінгі жақсы демалысымыз үшін және жақсы қонақүйге орналастырғандарыңыз үшін көп рақмет!», дейді ол. 

Осылайша, алғашқы күні туындаған қолайсыздықтарға қарамастан, туристердің мәселесі бір күн ішінде шешіліп, олар демалыстарын жалғастырып жатыр. Лейла мәселені шешуге атсалысқан компаниялардың жедел әрекетіне алғысын білдіріп, қазіргі таңда демалыстарының қалыпты жалғасып жатқанын жеткізді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар