Әлеумет

Нұрай Серікбайдың өлімі: анасы сот залында көз жасына ерік берді

Сондай-ақ куәгер  Нұрайдың атынан жазылған хатқа қатысты пікір білдірді.

Нұрай Серікбайға қатысты қылмыстық іс бойынша өткен сот отырысында жәбірленушінің анасы Айгүл Сағынбекова куә ретінде жауап берді. Ол қызының күдіктімен қалай танысқанын, олардың алғашқы байланысы және кейінгі оқиғалар туралы айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Айтуынша, бәрі 2025 жылдың шілде айында туыстарының тойынан басталған. Сол жерде күдіктінің ағасы Нұраймен таныстыруға рұқсат сұраған. Бұған дейін де қызына құда түсіп, танысуға ниет білдірушілер көп болғандықтан, бұл ұсынысқа ерекше мән бермегенін жеткізді.

Кейін күдікті әлеуметтік желі арқылы Нұрайға хабарласып, танысуға ұсыныс жасаған. Анасының сөзінше, қызы кездесуге шығар алдында әкесінен рұқсат алып, ата-анасы оған күндіз ғана кездесіп, кешке ерте қайтуды ескерткен. Алғашқы кездесуден кейін күдікті Нұрайға гүл сыйлаған. Анасы оның суретін көрсетуді, қандай адам екенін айтып беруін сұрағанын айтты.

Куәның айтуынша, уақыт өте келе отбасы қызының күдіктімен араласуына қарсы болған. Соған қарамастан, жігіт Нұраймен байланысын үзбеген. Анасының сөзінше, ол бірнеше рет сөйлесуге талпынып, өздерінің бір-бірін жақсы көретінін айтып, ата-анасының қарсылығын түсінбейтінін жеткізген.

Сотта Айгүл Сағынбекова күдікті Нұрайдың шотына аударылған қаражатқа қатысты да түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл туралы білген бойда ақша жіберген адаммен хабарласып, оның әрекетінің себебін сұраған. Алғашында мойындамағанымен, кейін ақшаны өзі аударғанын растаған. Осыдан кейін отбасы аталған қаражатты кері қайтарғанын айтты.

Сондай-ақ куәгер  Нұрайдың атынан жазылған хатқа қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қызының жазу мәнері мен қолтаңбасын жақсы таниды. Хатты көргенде қолтаңбасы Нұрайдікіне ұқсайтынын байқағанымен, мәтіннің баяндалу стилі қызының әдеттегі сөз саптауына келмегенін айтты. Оның пікірінше, хат асығыс немесе қобалжу үстінде жазылған болуы мүмкін.

Оқиға болған күні туралы да жауап берген анасы үйден шығып бара жатқанда полиция қызметкерлерінің келгенін көргенін айтты. Оның сөзінше, өзіне нақты ақпарат берілмеген, тек жедел жәрдеммен ауруханаға бара жатқандары айтылған. Телефоннан көрсетілген суреттен тек Нұрайдың көзін ғана байқағанын айтып, сол сәтті еске алғанда эмоциясын тежей алмай, сот залында көзіне жас алды.

Еске салайық, биыл қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай аса қатыгездікпен өлтірілді. Тергеу мәліметінше, күдікті бұған дейін қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқан. Қылмыстық іс адам өлтіру және сталкинг баптары бойынша қаралып жатыр.