1 шілдеден бастап елімізде дәрі-дәрмек қымбаттайды
Фармацевтикалық бизнес нысандарының иелері бағаны кем дегенде 5% көтеруге мәжбүр екендерін айтты. Өйткені олар қымбат құрал-жабдықтарды сатып алып, жаңа мамандарды тартуға мәжбүр, деп хабарлайды Oimaqnews тілшісі Astana.tv арнасына сілтеме жасап.
Әйгерім Аманбаева фармацевтика саласында 2 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында Абай ауданында 2 дәріхана ашқан. Кәсіпкердің айтуынша, міндетті таңбалауды енгізу қосымша шығындарға әкеп соғады, сол үшін олар бағаны көтереді.
Қосымша шығындарға байланысты дәріхана иелері не жабылуға, не дәрі бағасын көтеруге мәжбүр болады.
Үкімет дәрілік заттарға таңбалауды енгізу елдегі контрафактілік өнімдер мен дәрі-дәрмектің заңсыз сатылу көлемін азайту үшін қажет дейді. Дегенмен Қазақстандық тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы мұнымен мәселе шешілмейтініне сенімді. Онымен кеденде айналысу керек дейді мамандар.