Астана полицейлері самокат жүргізушілерге ескерту жасады
Ал велосипед жолы болмаған жағдайда Жол жүрісі қағидаларына сәйкес қозғалу қажет.
Жаз мезгілінде электрсамокаттар мен электрвелосипедтерді қолданушылар саны артады. Осыған орай Астана қаласының полиция департаменті тұрғындарды жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Жүргізушілер жол белгілері мен бағдаршам талаптарын сақтап, жол жағдайына сай қауіпсіз жылдамдықты таңдауы және мүмкіндігінше велосипед жолымен жүруі тиіс. Ал велосипед жолы болмаған жағдайда Жол жүрісі қағидаларына сәйкес қозғалу қажет.
Сондай-ақ жолдың жүріс бөлігін кесіп өткенде ерекше сақ болып, жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде көліктен түсіп, оны жаяу алып өту ұсынылады.
Полиция қозғалыс кезінде телефон қолдануға, құлаққап тағуға, қауіпті маневр жасауға және көлік құралының конструкциясында көзделмесе, жолаушы тасымалдауға болмайтынын еске салды.
Сонымен қатар қауіпсіздік үшін қорғаныш дулығасын кию, қараңғы уақытта алдыңғы және артқы шамдарды қосып, жарық қайтаратын элементтерді пайдалану ұсынылады.