"Ұл-қыз деп бөлмейік": Жасұлан Базарбаев әйелді жазғыратын адамдарға қатысты пікір білдірді
- авторОймақ
- Бүгін, 18:45
- 14
"Диета KZ" тобының әншісі Жасұлан Базарбаев ұл немесе қыз туғаны үшін әйелді жазғыратын адамдарға қатысты пікір білдірді. Өнер иесі мұндай көзқарастың адамгершілік пен имандылыққа жатпайтынын айтты, деп turkystan.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әншінің бұл тақырыпты көтеруіне әлеуметтік желіде көзіне түскен "Қыз туатын әйел менде ғана ма?" деген пікір себеп болған. Жасұлан Базарбаев тоғыз ай бойы сәби көтеріп, өмірге бала әкелген ананы перзентінің жынысы үшін кінәлауға болмайтынын атап өтті.
"Ана болу – оңай емес. Әйел адам тоғыз ай сәби көтеріп, өмір мен өлімнің арасында жүріп дүниеге бала әкеледі. Сондай жанға ұл не қыз туғаны үшін кінә арту – адамдыққа да, иманға да сыймайды", – деп жазды Жасұлан Базарбаев.
Әнші болашақта ата-анаға кімнің көбірек жақсылық жасайтынын алдын ала болжау мүмкін емес екенін жеткізді.
"Қыз бергеніне де сансыз шүкір, ұл бергеніне де сансыз шүкір. Жақсылықты ұлдан көресің немесе қыздан көресің деп ешкім кесіп айта алмайды. Оны бір Алла ғана біледі", – деді ол.
Жасұлан Базарбаев қоғамды әйелдерді баланың жынысына байланысты айыптауды тоқтатуға шақырды.
"Сондықтан әйелді кінәлауды доғарайық. Баланың жынысына бола ана жүрегін жараламаңыздар. Ең үлкен байлық – тәрбиелі, иманды, аман-есен перзент. Ұл болсын, қыз болсын… Аман болсын!" – деді әнші.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





