жұма, 24 шілде, 2026 14:41

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Таза Қазақстан" акциясы аясында ерекше кездесу өтті

"Таза Қазақстан" акциясы аясында ерекше кездесу өтті
Облыс әкімдігі
Қонаев қаласының тазалығына жауапты жұмысшылар үшін бұл күтпеген кездесу болды.

Алматы облысында әр апта сайын өтетін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше кездесу ұйымдастырылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев коммуналдық қызметкерлермен бірге жағажайды қоқыстан тазартып, кейін қарапайым жұмысшылармен таңғы ас үстінде әңгімелесті.

Қонаев қаласының тазалығына жауапты жұмысшылар үшін бұл күтпеген кездесу болды. Таңмен таласа тұрып, көше сыпыруға шығатын коммуналдық қызмет мамандары өңір басшысымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді. Тіпті көкейдегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.

Әкім еңбек адамдарының күнделікті тіршілігіне, жұмыс жағдайына, мамандықтың қиындығына және тұрғындардың тазалық мәдениетіне қатысты ойын тыңдады. Ресми жиындардағыдай емес, ашық форматтағы әңгімеде жұмысшылар өз ұсыныстары мен мәселелерін бүкпесіз жеткізді.

Тазалық жұмыстары аяқталған соң кездесу ақ дастархан басында жалғасты. Таңғы ас үстінде әңгіме тек коммуналдық сала төңірегінде өрбіген жоқ. Қатысушылар өңірдің дамуы, көшелердің тазалығы, отбасы, бала тәрбиесі, күнделікті өмір мен еңбек адамдарының қоғамдағы орны туралы да ой алмасты.

Коммуналдық қызметкерлер мұндай кездесуден ерекше әсер алғанын жасырмады. Олар, қарапайым жұмысшыларға көңіл бөліп, уақыт тапқан облыс басшысына ризашылықтарын білдірді.

Кездесу соңында коммуналдық қызметкерлерге естелік сыйлықтар табысталып, көше тазалығына жауапты жұмысшыларға әкім алғыс айтты.

«Өңірдің таза әрі жайлы болуы – сіздердің күн сайын атқарып жүрген жауапты қызметтеріңіздің нәтижесі. “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы еліміздің Конституциясында белгіленген негізгі қағидаттардың бірі. Қоршаған ортаны, туған жерімізді таза ұстау баршамыздың міндетіміз. Осы мақсатта атқарып жүрген еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Алматы облысында әр апта сайын “Таза бейсенбі” шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оған тұрғындар, бизнес өкілдері, жастар, қоғам белсенділері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысуда. Ал, еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру, экологиялық мәдениетті нығайту және жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған бүгінгідей кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл-коммуналдық сала қызметкерлерінің ұсыныстары мен мәселелерін тікелей тыңдап, олардың еңбегіне құрмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар