Әлеумет

Мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық мүмкіндіктер қарастырылады

Астанада «Құқықтық мемлекет және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау» тақырыбында инфосессия ұйымдастырып, дөңгелек үстел өткізді.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Құқықтық мемлекет және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау» тақырыбында ақпараттық сессия мен дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шара Астана қаласында «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі өңірлік жобалық офис әзірлеген жоспар аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдаудың өзекті тетіктері, қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ оларды спорттық және қоғамдық бастамалар арқылы оңалту мен қоғамға бейімдеу мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда елордада арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 15 орталық жұмыс істейді. Онда арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтардың жүз пайызы яғни 7 655 адам қамтылған. Оның ішінде 7 мемлекеттік ұйымда 3 790 адам, ал 8 үкіметтік емес ұйымда  3 865 адам  қызмет алуда. 

Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда Астанада әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, оңалту жүйесін жетілдіру және кедергісіз орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бүгінде елордада 41 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 12 мыңнан астамы – балалар. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын 14-20 пайызға артып келеді. Сондықтан әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту күн тәртібінен түспей отыр.

Жыл басынан бері ерекше қажеттілігі бар азаматтарға 26 мыңнан астам техникалық оңалту құралы мен қызмет көрсетілген. Олардың қатарында протездік-ортопедиялық бұйымдар, сурдо және тифлотехникалық құралдар, арнайы жүріп-тұру жабдықтары, санаторийлік-курорттық емдеу, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтері, сондай-ақ міндетті гигиеналық құралдар бар. Кейбір қызмет түрлері бойынша қажеттіліктің 90 пайыздан астамы қамтамасыз етілген.

Елордада инклюзивті инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Соңғы жылдары «Инватакси» қызметі айтарлықтай дамыды. Арнайы көліктер саны екі есеге артып, бүгінде 147 автокөлік қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Яндекс Go сервисі арқылы мыңнан астам адамға арнайы тасымалдау қызметі ұсынылған.

Әлеуметтік нысандардың қатары да көбейіп келеді. Психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арналған 200 орындық «Жәрдем» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған мекеме арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ былтыр елордада 300 адамға арналған Инклюзивті спорт орталығы ашылды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен іске асқан бұл нысанда ерекше қажеттілігі бар азаматтар бочча, арбадағы баскетбол, бейімделген футбол, голбол және басқа да 12 спорт түрімен шұғылдана алады.

«Паралимпиадалық жаттығу орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Назаров Абдусаид Абдукадыровичтің айтуынша, инклюзивті спорт тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне және белсенді өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік қолдау шаралары да көрсетіледі. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүреді, екі жылда бір рет тіс протездеу қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ Мүгедектігі бар адамдар күніне орай біржолғы әлеуметтік төлемдер беріледі. Бұдан басқа, тұрғын үй көмегі, атаулы әлеуметтік көмек, газ қазандығын орнатуға жұмсалған шығынның өтемақысы және төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Мүгедектігі бар адамдар санының артуы әлеуметтік саясатқа қойылатын талапты да күшейтіп отыр. Сондықтан тек материалдық қолдау көрсету ғана емес, олардың білім алуы, жұмыспен қамтылуы, спортпен шұғылдануы және қоғамдық өмірге белсенді араласуы үшін қолайлы орта қалыптастыру – алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі. Астанада қолға алынған жобалар осы бағыттағы жұмыстың жүйелі жалғасып жатқанын көрсетеді.

Дөңгелек үстелге белсенді жастар, студенттер, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.