сейсенбі, 21 шілде, 2026 21:11

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Таиландтан санитарлық авиациямен жеткізілген кішкентай сәби емханадан шығарылды

Таиландтан санитарлық авиациямен жеткізілген кішкентай сәби емханадан шығарылды
Аслан екі айлық емнен кейін аман-есен үйіне шығарылды.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері Тайландтан санитарлық авиациямен жеткізілген кішкентай Асланды екі айлық емнен кейін аман-есен үйіне шығарды. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

2026 жылғы 11 мамыр күні небәрі 1 ай 18 күн болған нәресте Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Нәрестелер реанимациясы, анестезиология және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыр жағдайда түскен болатын. Анасы Тайландта демалыста жүргенде мерзімінен бұрын босанып, сәби онда ауыр сепсис пен көп мүшелер жеткіліксіздігін бастан өткерді. Анасының әлеуметтік желідегі өтінішінен кейін мемлекет араласып, санитарлық авиация борты 14 сағаттық ұшу сапары арқылы сәбиді елге жеткізді. Орталыққа түскенде салмағы небәрі 1300 грамм болған нәрестеге бесінші күні ішектің жыртылуы диагнозы қойылып, шұғыл хирургиялық операция жасалды.

«Бала Педиатрия орталығына түскен кезде жағдайы өте ауыр еді: шала туылудың белгілері мен салдарынан, ауыр пневмония, мидың гипоксиялық зақымдануы және ішек парезі анықталды. Орталықта жатқан бесінші күні біздің дәрігерлер бала өміріне аса қауіпті патологияны  жабық ішек перфорациясын (ішектің жыртылуын) анықтады. Сондықтан, дәрігерлер консилиумының шұғыл шешімін қабылдады. Орталық хирургтары жедел түрде күрделі операция жасап, ішектегі –ақауды жойып, стома шығарды. Бұл шешім сәбидің өмірін сақтап қалды», – деп атап өтті ПБХҒО нәрестелер анестезиологиясы, реанимациясы және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.к. Гүлбану Бердиярова.

Оңалту кезеңінде білікті мамандардың арқасында сәбидің тыныс алуы мен ішек қызметі қалпына келтірілді.

«Педиатрия орталығы қабырғасында өткен екі ай ішінде сәби 1200 грамм салмақ қосып, 2500 грамм салмақпен аман-есен үйіне шығарылды. Дәрігерлер баланың өкпесін өздігінен тыныс алуға үйретті. Енді ол үй жағдайында күтім алып, өмір сүруге дайын», – деді баланың емдеуші дәрігері, неонатолог Гүлзира Тұрысханқызы.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар