сейсенбі, 21 шілде, 2026 4:03

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Олимпиада жеңімпазы: Физика – абстрактілі формула жиынтығы емес

Олимпиада жеңімпазы: Физика – абстрактілі формула жиынтығы емес
Фото: oimaqnews.kz
Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad – IPhO) алтын медаль жеңіп алған Нұргүл Егембергенова Қазақстан тарихында осы додада алтын алған алғашқы қазақ қызы атанып отыр. Біз дарынды өренді жеңісімен құттықтап, сұхбаттастық.

– Ең алдымен, тарихи жеңісіңізбен құттықтаймыз! Әлемдік дода қалай өтті? Олимпиаданың бас жүлдесіне жету үшін қанша уақыт дайындалдыңыз? Медаль бұйырған сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Көп рақмет! Менің олимпиадалық жолым осыдан төрт жыл бұрын, мектепішілік және қалалық кезеңдерден басталған болатын. IPhO (Халықаралық физика олимпиадасы) – мектеп оқушылары үшін әлемдегі ең беделді жарыс. Оған жетудің өзі үлкен мехнат: алдымен Республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, кейін ел құрамасының қарқынды оқу-жаттығу жиындары мен іріктеу емтихандарынан өту керек. Бұл жолда халықаралық Жәутіков (IZhO), Азия (APhO) және Еуропа (EuPhO) олимпиадалары үлкен шыңдалу мектебі болды.

Ал марапаттау сәтіне келсем... Ең алғашқы секундтарда есеңгіреп қалдым, артынша шексіз бақыт сезімі кернеді. Сәлден соң ішімде «соңғы 4 жыл бойы армандаған мақсатыма жеттім-ау» деген бір қимастық па, бостық па, сондай сезім орнады. Шын мәнінде, мен бұл сәтті мүлдем басқаша елестеткен едім. Ең үлкен бақыт медальдің өзінде емес, оған ұмтылу жолында жинаған баға жетпес білімімде, тәжірибемде және жанымнан табылған тамаша адамдарда екен. Бұл жеңіс – біздің жастардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеуге берілген үлкен мүмкіндік пен мәртебе.

– Физикаға деген қызығушылығыңыз қашан және қалай басталды? Бұл ғылымның сізді баурап алған құпиясы неде?

– Бұл қызығушылық 7-8 сыныптарда, физика пәні мектеп бағдарламасына жаңадан енген кезде оянды. Басында жай ғана әуестік еді. Бірақ физиканың жай ғана абстрактілі формулалар жиынтығы емес екенін түсінген сәтте бәрі өзгерді. Қағаз бетінде теңдеуді шығарып отырып, оның шынайы өмірдегі заттың қозғалысын, болмысын дәлме-дәл болжап бере алатынын ұғынғанда, бойымды ерекше бір таңданыс пен шабыт биледі. Мені сүйсіндіретіні – физиканың әмбебаптығы мен сұлулығы, яғни айналамызда күнделікті болатын құбылыстардың барлығын осы ғылым заңдылықтарымен түсіндіруге болатындығы.

– Физикадан халықаралық олимпиада тапсырмалары мектеп бағдарламасынан қаншалықты ерекшеленеді? Дайындық барысында және жарыс үстінде ең қиыны не болды?

– Олимпиада екі турдан тұрады: теориялық және эксперименттік. Әр турға 5 сағаттан беріледі. Егер қарапайым оқушыға елестету үшін сипаттайтын болсам, мұндағы есептер мектептегі дайын формулаға сала салатын тапсырмалар емес, әлемнің құрылымын терең түсінуді талап ететін тұтас бір зерттеу жұмысы сияқты.

Дайындық кезіндегі ең қиын нәрсе – тоқырау (стагнация) сәттері болды. Қандай да бір күрделі концепцияны түсінуге өте көп уақыт пен күш жұмсап, бірақ бір орында тұрып қалғандай, ілгерілеу жоқ сияқты сезінетін кездер болады. Ал олимпиаданың өзінде ең маңыздысы – төзімділік пен суыққандылық. Алдыңда ең күрделі есептер жатқанда және уақытың санаулы болғанда, қобалжуды жеңіп, зейінді бір арнаға тоғыстыру аса маңызды. Мен уақыт пен энергияны тиімді бөлуге тырыстым. Әрқашан өзіме: «Қанша уақыт жұмсағаның емес, сол уақытты қаншалықты сапалы өткізгенің маңызды» деп қайталап отырдым.

– Кез келген жетістіктің артында үлкен еңбек пен тәлімгерлердің рөлі тұратыны анық. Олимпиадалық жолыңызда сізге кімдер бағыт-бағдар берді және кімдерден үлгі аласыз?

– Иә, олимпиадалық карьерамда тәлімгерлерім көп болды. Мектеп мұғалімдерінен бастап, ұлттық құрама жаттықтырушыларына дейін көп нәрсені үйрендім. Әсіресе, 7-9 сыныптардағы физика мұғалімім Жалғас Жүрінтаевқа және қазіргі ұстазым Арнұр Қазыбековке алғысым шексіз. Сондай-ақ, 8-9 сыныптарда мені жаттықтырып, физикадағы олимпиадалық іргетасымның қалануына зор еңбек сіңірген Әлішер Еркебаевты ерекше атап өткім келеді.

Ал мені алға жетелейтін тұлға – Ричард Фейнман. Ол ғылымда орасан зор биіктерді бағындырса да, қарапайымдылығын жоғалтпаған жан. Маған оның оқыту әдістемесіне деген көзқарасы қатты ұнайды. Ол: «Үйренудің ең жақсы тәсілі – өзгені үйрету» дейтін. Яғни, ол өмір бойы ізденісте өтті.

Бос уақытымда күйзелістен арылу үшін таза ауада жаяу серуендегенді және күнделік жүргізгенді жақсы көремін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Қай жоғары оқу орнында, қандай мамандық бойынша білім алғыңыз келеді?

– Мен іргелі физика мен қолданбалы инженерияның тоғысқан жерінде зерттеулермен және жаңа әзірлемелермен айналысуды жоспарлап отырмын. Тек теорияны оқып қана қоймай, қоғамға пайдасын тигізетін, адамдардың өмірін жақсартатын шынайы технологияларды жасағым келеді.

Білімімді АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық институтында (MIT) жалғастыруды көздеп отырмын. Мен үшін мықты, ынталы студенттер ортасында болу өте маңызды. Қазір мені материалтану, биофизика сияқты пәнаралық бағыттар қатты қызықтырады. Қазіргі басты мақсатым – мектеп олимпиадаларынан нағыз академиялық ғылымға және университеттік зерттеулерге сәтті ауысу.

– Өзіңіз сияқты ғылым жолына қадам басқан теңдестеріңіз бен іні-сіңлілеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – өзіңізге жақсы орта табыңыз. Жоғарыға ұмтылатын, білімге құштар, қызығушылықтары ұқсас адамдармен иық тірестіріңіз. Бірге алға жылжу әлдеқайда жеңіл. Және тәжірибесі мол адамдардан көмек сұраудан, кеңес алудан ешқашан қорықпаңыздар

- Сізге сәттілік тілейміз!

 

Сымбат Бегімбай

 

 

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар