Меруерт Түсіпбаева Құрылтайға кандидат әншілер туралы айтты
Әнші Меруерт Түсіпбаева өнер адамдарының депутат болуына қатысты пікір білдіріп, Парламентте кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек екенін айтты.
Өнер иесі журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында заң шығару ісімен ең алдымен қаржы, экономика және құқық саласының мамандары айналысуы тиіс деген пікірін жеткізді.
«Парламентте әнші, биші, күйші, спортшы, блогер-шмогерлер отырмауы керек. Ата Заңның әр тармағын зерттей алатын қаржыгерлер, экономистер мен заңгерлер отыруы қажет», – деді әнші.
Меруерт Түсіпбаева өнер адамдарының саясатқа келуіне күмәнмен қарайтынын айтып, олардың заң шығару жұмысына қаншалықты дайын екеніне қатысты ойын жасырмады.
«Өнер адамдары ол жерде не үшін отыр, неге келді деп ойлаймын. Өйткені мен өнер адамдарының, спортшылардың және кейбір блогерлердің IQ деңгейлерін білемін. IQ-ы төмен екенін түсінемін, сеземін. Бір ауыз сөзді құрап айта алмайтындар сол жерде не істеп отырмын деп ойлайды екен?» – деді ол.
Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, желі қолданушылары арасында түрлі көзқарас тудырды.