Экономика

Қант неге қымбаттады

Кейбір өңірлерде қант бағасының күрт қымбаттауы маусымдық сұраныстың артуымен байланысты. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Журналистер Павлодар облысында бір апта ішінде қант бағасы 12,5 пайызға өскенін айтып, оның себебі мен алдағы уақытта тапшылық қаупі бар-жоғын сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, жаз мезгілінде тұрғындар қысқа азық-түлік дайындауға кірісетіндіктен, қантқа деген сұраныс дәстүрлі түрде артады.

Ол елімізде қант қызылшасын өңдейтін үш зауыт жұмыс істеп тұрғанын, ал биыл Тараздағы қант зауытында жаңа өңдеу өндірісі іске қосылатынын айтты.

Азат Сұлтановтың сөзінше, өңірлердегі әкімдіктердің қоймаларында қант қоры жеткілікті. Қазіргі қор елдің қажеттілігін шамамен үш ай бойы қамтамасыз етуге жетеді.

Бір аптадағы бағаның күрт өсуіне қатысты сұраққа жауап берген вице-министр әр өңірдегі жағдайдың әртүрлі екенін айтты.