Білім беру гранттарына өтініштер қабылдана бастады
Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстанда бүгіннен бастап абитуриенттерден жоғары білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдана бастады. Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, құжаттарды қабылдау үдерісі 20 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер өтініштерді жоғары оқу орындарының жанындағы қабылдау комиссияларына барып офлайн форматта (немесе виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн) немесе egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тапсыра алады. Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, фотосурет және орта білім туралы аттестат немесе диплом өткізу қажет.
Грант конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ-дан жинауы тиіс төменгі шекті балл деңгейі де бекітілген. Мәселен, «Педагогикалық ғылымдар» мен «Құқық» бағыттары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» бағытына – кемінде 70 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу орындары үшін кемінде 50 балл жинау керек.
Сонымен қатар ауылдық жерлерден келген талапкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекет белгілеген арнайы квоталар қарастырылған. Білім гранттары иегерлерінің ресми тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.