Жастар ипотекасына қатысты жаңа ұсыныс жасалды
«Әділет» партиясы жастардың баспанаға қолжетімділігін арттыру үшін өңірлік ипотекалық бағдарламаларды күшейтуді ұсынады. Бұл туралы партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі Қарлығаш Жаманқұлова айтты.
Оның сөзінше, жастардың қоғамдық және экономикалық өмірге белсенді араласуы үшін тек квота немесе жеңілдіктер жеткіліксіз. Ең алдымен, оларға тұрақты жұмыс, кәсіп бастауға мүмкіндік және баспана мәселесін шешуге нақты қолдау қажет.
Біз қоғамдық кеңестер құрамының кемінде 20 пайызы жастардан тұруы керек деп есептейміз. Бірақ жастарға тек квота жеткіліксіз. Оларға ең алдымен мүмкіндік, жұмыс және өз ісін бастауға қолдау қажет, – деді Қарлығаш Жаманқұлова.
Осыған байланысты партия жастар кәсіпкерлеріне арналған гранттық қолдауды кеңейтуді, жаңа жұмыс орындарын ашуды және жас кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын қаржыландыруды ұсынып отыр.
Сонымен қатар партия жас отбасылардың баспана мәселесін шешуге ерекше назар аударуды көздейді.
Әрбір облыста жастарға арналған ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыру үшін кемінде 1 миллиард теңге бөлінуі қажет. Жастар болашағына сеніммен қарауы керек, – деді партия өкілі.
Партияның пікірінше, өңірлік ипотекалық бағдарламаларды тұрақты қаржыландыру жастардың өз туған өлкесінде қалып, еңбек етуіне, отбасын құрып, өмір сүру сапасын жақсартуына мүмкіндік береді.