Қоғам

Көкшетауда барбершоп қызметкері қазақ тіліндегі әндерді балағаттап, жанжал шығарған

Көкшетауда барбершоп қызметкері әріптесі қосқан қазақ тіліндегі әндерді балағаттап, жанжал шығарғаны үшін 8 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

2025 жылдың желтоқсанында Көкшетаудағы барбершоптардың бірінде жанжал болған. Қызметкерлердің бірі қазақ орындаушыларының әндерін қоспақ болған. Алайда оның әріптесі бұған қарсылық білдірген. Бұл ретте басқа қызметкерлер грузин, түрік және орыс тілдеріндегі әндерді еркін қоя берген.

Зардап шеккен Алмагүлдің айтуынша, ол қазақ орындаушыларының әндерін қосуды ұсынған. Алайда әріптесі бұған қарсылық білдіріп, "Жоқ, керек емес, біз ондайды тыңдамаймыз", – деп жауап берген.

"Мен бәрібір әндерді қостым да, жұмысымды жалғастыра бердім. Клиенттерім кеткеннен кейін одан: "Неге музыканы өшірдің?" деп сұрадым. Сонда ол: "Мен саған айттым ғой, біз ондайды тыңдамаймыз. Мұндай боқтықты кім тыңдайды?!" деді. Осыдан кейін арамызда жанжал туындады", – дейді Алмагүл.

Оның сөзінше, әріптесі оған мұндай әндерді тек үйінде тыңдау керектігін айтқан.

Сот әйелдің әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша саралап, оны 8 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, аталған оқиға бойынша іс 2026 жылдың наурыз айында қаралған.