Экономика

Алматы облысының қазынасына 45 млрд. теңге жергілікті салық түскен жоқ – Әшімжан

Бұл туралы бүгінгі Мәжіліс отырысында «Аманат» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Д.Қасқарауов, А.Назаров, М.Рожин, М.Толықбай бастаған бір депутаттың атынан ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың атында депутаттық сауал жолдады.

Республикадағы облыстар арасында халық саны бойынша Алматы облысы (1млн. 533 мың адам) Түркістан облысынан (2142,1 мың адам) кейінгі екінші орында. Бұл ретте, Алматы облысының жергілікті бюджетінің орталыққа төмен дотациялық тәуелділігін ескеру қажет. 2023 жылғы субвенция көлемі 29% немесе 185 млрд. теңгені құрады, яғни шығыстардың 71% облыстың меншікті кірістері есебінен қаржыландырылады. Ал Түркістан облысы бойынша орталық бюджетке тәуелділік 976,7 млрд.теңгені (86,9%), меншікті кірістер 147,5 млрд. теңгені (13,1%) құрады. Бұл бюджет шығыстарының тұрақтылығын негіздейтін нақты фактілер.

Өткен жылы Алматы облысының қазынасына 45 млрд. теңге жергілікті салық түскен жоқ.

Анықтама: 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы ҚР Заңының көлемінде 2023 жылға 445 млрд.теңге сомасында жеткізілген кірістердің болжамы 89,9% орындалды немесе облыс бюджетіне 400,3 млрд. теңге түсті.

Өздеріңіз білетіндей, Алматы облысында табыстың негізгі көзі екі жүйе құраушы компаниядан темекі өнімдеріне акциздердің түсімдері (табыстың жалпы көлемінен үлесі 45,6%). Олар бүкіл Қазақстан мен таяу шетелдік нарықты қамтамасыз етеді. Тиісінше, кез келген жағымсыз форс-мажорлық жағдайлар облыс бюджетінің қаржымен қамтамасыз етілуіне айтарлықтай кері әсер етеді. Осылайша, ішкі нарықта өнімнің сатылу көлемінің төмендеуіне байланысты кірістердің тапшылығы 27 млрд.теңгені құрайды. Оның себебі үлкен көлемде контрафактілік өнімнің болуы және темекі шегушілердің қыздырылатын темекіге ауысуы.

Сондай-ақ, кейбір салық түрлерінің түспеуінің бірқатар объективті себептері бар. Оның ішінде букмекерлерден түсетін жеке табыс салығы (30 млрд. теңге, бұл соңғы ойын сессиясының қорытындылары бойынша салық салынатын соманы есептеу бойынша есептеулердің өзгеруіне байланысты) және корпоративтік табыс салығы бойынша (27 млрд. теңге, 30 ірі төлеушінің РБ-ға ауысуымен және республикалық бюджеттің 18,8 млрд.теңгеге теңгерілуімен байланысты болды).

Алматы облысы әкімдігінің бірнеше рет өтініші бойынша және Экономика және Қаржы министрліктерінің 45 млрд.теңгеге кассалық алшақтықты растайтын қорытындысы негізінде 2023 жылғы желтоқсанда республикалық бюджеттің мүмкіндігіне қарай 28 млрд. теңге сомасында Үкімет резервінен көмек көрсетілді.

Биылғы  1 қаңтарға 17 млрд. теңге сомасында бюджеттік міндеттемелер төленбей қалды.

Облыста тұрақты жағдайды сақтау үшін биылғы  жоспарланған қаражаты есебінен өткен жылдың берешегін төлеу бойынша шешім қабылданды, оның ішінде қабылданып кеткен міндеттемелерді босату және азаматтық-құқықтық мәмілелер жасалмайтын ерекшеліктерден қаражатты жылжыту есебінен (жалақы қоры, коммуналдық шығыстар, әлеуметтік төлемдер және т. б.) төленді. Енді ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында бұл шығыстардың орнын толтыру қажет.

Алматы облысы бойынша жергілікті салықтардың орындалмауы бойынша қалыптасқан объективті мән-жайлар бюджеттің қолданыстағы үш жылдық кезеңінің келесі екі жылында қисынды жалғасын табатыны сөзсіз.               Алдын ала есептеулер бойынша биылғы болжамның ықтимал шығындары шамамен 40 млрд.теңгені құрайды.

Жалпы бюджет әлеуметтік бағдарланған, яғни жергілікті бюджеттің жалпы көлемінен (РБ-дан нысаналы трансферттерді есепке алмағанда) әлеуметтік салаға 64,2% (438,6 млрд.теңге) қаражат бағытталғандығын ескеру қажет.

Бұл ретте, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін және облысты дамыту бағдарламасында қаралған іс-шараларды шешуге 2024 жылы әлеуметтік саланың биылғы шығыстары бойынша 42 млрд.теңгеге қаржы тапшылығы бар (1-4 сыныптарды тамақтандыру, мектепке дейінгі білім берумен 100% қамтуға дейін жеткізу, медициналық және мектеп жабдықтарын сатып алу, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу және т. б.).

Бұдан басқа, ҚР Президентінің Жарлығын орындау мақсатында, Қонаев қаласына көшуге байланысты облыс орталығы мен агломерацияны дамытудың Кешенді жоспарларын іске асыру бойынша көлемді жұмыс күтіп тұр. Оған инженерлік, энергетикалық, әлеуметтік, жол және әкімшілік нысандарды салу жөніндегі іс-шаралар кіреді.

Облыстағы қалыптасқан жағдайға көңіл бөліп және 2023 жылғы өтпелі қарыздарды өтеуге бағытталған биылғы  қаражатын қалпына келтіруге (16,7 млрд.) ықпал етуіңізді сұраймыз.

Сонымен қатар, республикалық бюджетті нақтылау кезінде, 2024-2025 жылдардағы жергілікті кірістер болжамының орындалмауы ескеріліп, облыс бюджетінің теңгерімділігіне нысаналы трансферттер бөлінуі қажет.