Саясат

Президент Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраның ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі әрі халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Қос ішекті қастерлі аспап – ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі, халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра.

Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен дәстүрлі құндылықтарға төнген қауіп жағдайында Ұлы даланың бай мұрасы, соның ішінде қара домбыра қазақ мәдениетінің мызғымас тірегі болып қала беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Домбыра күні қарсаңында күшіне енген жаңа Конституцияның тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдауды негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітуінің символдық мәні зор екенін айтты.

Сөз соңында Президент домбырашыларға, ұстаздарға және ұлттық өнерді ел ішінде және халықаралық деңгейде насихаттап жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, қазақтың ән-күйі алдағы уақытта да халыққа шабыт беріп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында жаңа жетістіктерге бастай беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ барша қазақстандыққа амандық пен бақ-береке тіледі.