"Сізден әділдік сұраймын" Салтанаттың ағасы сотта жылап жіберді
Айтбек Амангелді сот алқасынан бұрын көрсетілген видеоға тағы да назар аударуды сұрады.
Бүгін сот отырысында сөз алған Салтанат Нүкенованың ағасы Қуандық Бишімбаевтың оны неліктен өлтіргені туралы өз нұсқасын айтты.
Айтбек Амангелді сот алқасынан бұрын көрсетілген видеоға тағы да назар аударуды сұрады.
"Видеолардың бірінен Салтанаттың қанды көйлекті ұстап тұрып, оған (Бишімбаевқа) оның айғақ болатынын айтып жатқанын байқауға болады. Сондай-ақ оған "Бұл үшін кемінде 10 жыл отырасың" деп жатқанын естисіз. Және қанды көйлекті қайта-қайта көрсетеді, менің ойымша, дәл осы ашу қорқынышы, сол кездегі соққының болғанын жұртшылықтың біліп қоюы және жасаған ісі үшін қайтадан түрмеге түсуі мүмкін деген қорқыныштан адам өлтіру туралы саналы түрде шешім қабылдап, одан әрі жасыруға әрекеттенді", – деді Амангелді.
Амангелдінің айтуынша, Бишімбаев сияқты адамдар күш көрсетуді ғана түсінеді. Сол себепті ол Салтанат Нүкенованың қазасы үшін әділ жаза тағайындалуын талап етті.
"Ол бұған дейін бостандыққа шыққан соң тағы да заң бұзатынын дәлелдеп қойған. Осы жолы жазадан оңай құтылса, бұдан да ауыр қылмыс жасауы мүмкін. Оның қылмысы геометриялық прогреспен өсіп келеді. Өз басым айыпталушыдан адамдық көріп тұрған жоқпын. Оның арамзалығын дәл мен сияқты көресіздер деп сенемін. Ол не айтса да, Салтанаттың айуандықпен өлтірілгені ақиқат. Ал өлтіруші сіздің алдыңызда, әйнектің дәл артында отыр", - деді Салтанаттың ағасы.
Айтбек Амангелді сот алдында Салтанат Нүкенованың қиналмай, тез қайтыс болғанына үміттенгенін мойындады. Алайда сот тергеуі мен айғақ ретінде ұсынылған бейнежазбалар Салтанат Нүкенованың нағыз азапты бастан кешіп, азаппен өлгенін дәлелдеді.
"Бұл видеоларды бәріңіз көрдіңіз, құрметті сот алқасы. Бұл видеолар менің көз алдымда қайта-қайта қайталанып, басымнан бір сәт шыққан емес. Олар мені іштей өлтіріп жатыр. Оны қалай өлтірді дегенді ойлап кетсем...",-деген Айтбек Амангелді сот залында жылап жіберді.
Сөзінің соңында Айтбек Амангелді 2023 жылдың 9 қарашасында Салтанат Нүкенова ғана емес, оның бүкіл отбасы, ата-анасы мен ағасы да өлтірілгенін айтты.
"Біз үшін өмір тоқтап қалған сияқты. Біз ойымызбен әлі сол 9 қарашадамыз. Біз уақыттың алға жылжуын қаламаймыз. Өйткені ортамызда Салта жоқ, үмітіміз үзілгендей. Мұның бәрі эмоционалды түрде өте қиын. Бәріміз бір адамның кесірінен осы жерде отырмыз. Сізден әділдік сұраймын. Сол түні не болғанын түсініп, шешім қабылдау үшін барлық дәлелдерді көріп, түсінуіңізді сұраймын", -деді Айтбек Амангелді.