Отбасы үйлесімінің бұзылуы – тәрбиеге байланысты
Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жиі талқыға түсетін тақырыптардың біріне айналды. Сенген серігінен зәбір көрген әйелдердің саны күн сайын артып келеді. Мәселен статистикаға сүйенсек, күн сайын 342 адам зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Жақындары әділдік іздеген Салтанат Нүкенова да дәл осындай зорлықтың құрбаны болды.
Психолог Үміт Исмаилованың айтуынша, қазіргі ең өзекті мәселе қазақтың байырғы қоғамынан бастау алған.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың этиологиясы тереңде. Сондықтан бүгін немесе кеше басталды деп айту қиын. Менің ойымша, қазір отбасындағы құрылым, әлеуметтік институт ретінде отбасында үйлесім бұзылды. Мұның тарихи астары бар деуге болады. Қаншама қиындықты бастан өткерген халықпыз. Бұрынғыны айтпай-ақ қояйық, Ұлы Отан соғысы кезінде аналарымыз ер азаматтарды майданға шығарып салып, бүкіл ауыртпалықты өз мойындарына алды. Қолдарына күрек алып, жер қазып, егін егу сияқты ауыр жұмысты арқалады. Контузия немесе ауыр жарақат зардаптарын ер азаматтар бірден жеңіп кете алмады. Ішімдік ішетіндер саны артты. Оның өзі отбасындағы тыныштықтың бұзылуына себеп болды», - дейді ол.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуіне отбасындағы тәрбиенің дұрыс берілмеуі де ықпал етеді. Отбасындағы зорлық-зомбылық көп қырлы тақырып, психолог Ү. Исмаилова соның бірқатарын ғана атап өтті.
«Ұрпақтан ұрпаққа биологиялық мәлімет трансформацияланбайды, оған қоса әлеуметтік тәжірибе де трансформацияланады. Яғни ер азаматтарымызға сенім білдірмеу, оларға жауапкершілік артпау, әсіресе ұл баланы тәрбиелеудегі олқылықтар осы мәселенің тағы бір салдары. Қазір көп отбасында бала тәрбиесіне аса қатты мән берілмейді, керісінше «оқымаса оқымасын, аман жүре берсін. Шаңырақ көтерген соң, ретке келеді» деген түсінікпен қатып қалған. Бұлай ұл баланың тәрбиесіне бір жақты қарау да әлеуметтік теңсіздікке алып келеді деп ойлаймын. Мен себебін атадым, салдары келешекте отбасы басты әлеуметтік институтты құлдырауға әкелу қаупі бар», - деді Ү. Исмаилова.
Бала алдындағы ата-ананың жауапкершілігінің шиеленісуі үлкен қайшылыққа тірейді. Салдарынан, қазір көп әйелдер психологқа жүгінуді жөн санамай, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың дәмін татуға көніп отырады.
«Зорлық-зомбылық көрген әйелдің психолог маманға жүгінбеуінің әртүрлі себептері бар. Әйелдің көбі психологтің көмегімен отбасын қалыпқа келтіруге болатынына нақты сенім білдірмейді. Тағы бірі – егер отбасындағы ішкі дау-жанжалды сыртқа шығарғысы келмейді. Ажырасудан қорқуы мүмкін. Егер отбасындағы қыз бала кішкентайынан зорлық-зомбылықтың куәсі болып өссе, ол керісінше, болашақта да өзіне қысым көрсетілген ждағдайда, оған одан ары байлана түседі. Өзінің жеке шекарасын құра алмайды», – дейді психолог маман.
Отбасынан қолдау емес, жәбір көрген әйелдерді қайта қоғамға бейімдеуге және отбасы құндылықтарын қайта сіңіруге болады. Оған, ең алдымен жақындарының, кейіңн арнайы кәсіби мамандардың көмегі керек. Біріншіден, отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді физикалық қауіпсіз жерге көшірген соң, оған психологиялық көмек көрсету керек. бұлай алдын алмаған жағдайда өмірінің жартысы ер азаматқа қарсы күреспен өтуі не зорлығына көніп өмір сүруі де әбден мүмкін. Сондықтан, психолог маман кез келген әйел істің насырға шапқанын күтпей-ақ, оның алдын алу шараларымен күресу үшін психологпен жұмыс істеу керек екенін айтады.