Әлеумет

Деменция қаупін арттыруы мүмкін тағамдар анықталды

Ғалымдар ультраөңделген тағамдарды жиі тұтыну адамның когнитивтік қабілеттерінің төмендеуіне және деменцияның даму қаупінің артуына ықпал етуі мүмкін екенін анықтады.

Alzheimer's & Dementia: Diagnosis, Assessment & Disease Monitoring ғылыми журналында жарияланған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, мұндай тағамдарды тұрақты тұтыну назардың шоғырлануы мен ақпаратты өңдеу жылдамдығының төмендеуімен байланысты, деп хабарлайды Араша сайтына сілтеме жасап Oimaqnews.kz. Бұл үрдіс дұрыс тамақтану қағидаларын ұстанатын адамдардың өзінде де байқалған.

Зерттеуге Австралияның орта және егде жастағы 2100-ден астам тұрғыны қатысқан. Қатысушылар когнитивтік тестілеуден өтіп, күнделікті тамақтану әдеттері туралы мәлімет берген. Нәтижесінде олардың тәуліктік калориясының орта есеппен 41 пайызы ультраөңделген өнімдерден алынатыны анықталған.

Мамандардың айтуынша, мұндай өнімдердің құрамында эмульгаторлар, консерванттар, жасанды хош иістендіргіштер және үй жағдайында дайындалатын тағамдарда кездеспейтін басқа да қоспалар көп кездеседі.

Зерттеу барысында рациондағы ультраөңделген тағамдардың үлесі небәрі 10 пайызға артқан жағдайда-ақ когнитивтік көрсеткіштердің нашарлағаны және деменция қаупін арттыратын факторлардың көбейгені байқалған. Ғалымдардың есептеуінше, бұл шамамен бір қап чипстегі калория мөлшеріне сәйкес келеді.

Зерттеу авторлары дұрыс тамақтануды бағалағанда тек калория, қант, май немесе ақуыз мөлшерін ғана емес, тағамның өнеркәсіптік өңдеу деңгейін де ескеру қажет екенін атап өтті.

Нейропсихологтардың пікірінше, ультраөңделген тағамдардың ми қызметіне кері әсері адамның жалпы тамақтану рационы теңгерімді болған жағдайда да сақталуы мүмкін. Сондықтан мамандар мұндай өнімдерді шектеп, табиғи әрі аз өңделген тағамдарды көбірек тұтынуға кеңес береді.