жұма, 26 маусым, 2026 14:17

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, үздік журналистерді марапаттады

Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, үздік журналистерді марапаттады
Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты рәсімге қатысып, медиа саласының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде журналистердің қоғам өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, олардың халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, өзекті мәселелерді көтеруге және азаматтарды сапалы әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге қосып жүрген үлесіне жоғары баға берді.

Президенттің айтуынша, қазіргі цифрлық дәуірде дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы сақталып қана қоймай, терең сараптама жасап, қоғам үшін сенімді ақпарат көзі ретінде қызмет етуі бұрынғыдан да өзекті. Сонымен қатар жалған ақпаратпен, дипфейк технологияларымен және цифрлық кеңістіктегі манипуляцияларға қарсы күресте журналистердің жауапкершілігі ерекше екені айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз бостандығы заңмен қорғалатынын, алайда ол жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ медиасауаттылықты арттырудың, заң үстемдігін, қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

Президент жастарға жасампаз еңбек, адал табыс, білім мен мәдениетті дәріптейтін сапалы контент ұсынудың маңызына назар аударып, журналистерді қоғамдағы оң құндылықтарды ілгерілетуге белсенді атсалысуға шақырды.

Мемлекет басшысы ақпарат саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жалғасатынын мәлімдеді. Биыл алғаш рет өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының журналистеріне де баспана кілттері табысталатынын айтып, жалпы еліміз бойынша 66 медиа қызметкері жаңа пәтерге ие болатынын жеткізді.

Салтанатты жиын барысында Президент Қазақстан журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сонымен қатар журналистерге Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы, гранты және Алғысы табысталды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар