Экономика

Пәтер жалдау құны артты

ең жоғары өсім Семей қаласында байқалды.

Қазақстанда кейінгі бірнеше айда тұрғын үйді жалдау бағасы біршама арзандаған еді. Жаз шыға жалдау ақысы қайтадан өсе бастады. Соңғы бір жарым ай ішінде елдің тоғыз қаласында жалдау құнының қымбаттауы тіркелді, ал ең жоғары өсім Семей қаласында байқалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Жылжымайтын мүлік нарығы сарапшыларының мәліметінше, жалдау бағасының өсуі бойынша Семей қаласы көш бастап тұр. Мұнда жалдау құны 4,8%-ға артқан. Жалдау ақысы ең көп өскен бес қаланың қатарындаа сондай-ақ Ақтау (+3,9%), Көкшетау (+3,8%), Павлодар (+3,1%) және Астана (+2,4%) шаһарлары бар.

Бағаның өсуі Өскеменде (+2%), Ақтөбеде (+1,6%), Таразда (+1,3%) және Алматыда (+0,6%) да тіркелді.

Жалдау ақысы ең жоғары қалалар

Нарықтағы өзгерістерге қарамастан, тұрғын үйді жалдау бойынша ең қымбат қалалар бұрынғысынша Алматы мен Астана болып қала береді.

Екі мегаполисте де бір бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа құны айына шамамен 200 мың теңгені құрайды. Екі бөлмелі пәтерлер Алматыда орта есеппен 300 мың теңгеге, Астанада 280 мың теңгеге жалға беріледі. Үш бөлмелі пәтерді жалдау үшін Алматыда шамамен 400 мың теңге, ал елордада 450 мың теңгеге дейін төлеуге тура келеді.

Бір шаршы метрдің жалдау құны Алматыда 5625 теңгені, ал Астанада бұл көрсеткіш 5122 теңгені құрайды.

Жалдау бағасы қолжетімді қалалар

Ең қолжетімді жалдамалы тұрғын үйдің бағасы бұрынғышам Тараз, Түркістан және Қызылорда қалаларында қолжетімді.

Таразда бір бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа құны 85 мың теңге, екі бөлмелі пәтердікі – 110 мың теңге. Түркістанда үш бөлмелі пәтерлер орта есеппен айына 140 мың теңгеге жалға беріледі.

Жалдау ақысы қай қалаларда арзандауда

Бағаның жалпы өсу үрдісіне қарамастан, кейбір өңірлерде жалдау құны төмендеуді жалғастыруда. Соңғы бір жарым айдағы ең үлкен төмендеу мына қалаларда тіркелді:

Шымкентте – 4%-ға;

Талдықорғанда – 3,5%-ға;

Қызылордада – 2,4%-ға.

Сондай-ақ Қарағанды мен Қостанайда да аздаған төмендеу байқалады. Ал Атырау, Петропавл, Орал және Түркістан қалаларында осы кезеңде жалдау бағасы өзгерген жоқ.

Бағаның төмендеу үрдісі аяқталып келеді

Сарапшылардың айтуынша, еліміздің ірі қалаларында жалдау бағасы түсіп келе жатқан болуы мүмкін. Астанада жалдаудың орташа құны қаңтар айындағы деңгейден асып түсті, ал Алматыда бағаның төмендеу қарқыны едәуір баяулаған.

Осылайша, Қазақстандағы тұрғын үйді жалдау нарығы ұзаққа созылған түзету кезеңінен кейін қалпына келу белгілерін көрсетуде. Алдағы уақыттағы нарық динамикасы сұранысқа, көші-қон үдерістеріне және жылжымайтын мүлік нарығындағы жалпы жағдайға байланысты болмақ.