Заңсыз жүргендер елден шығарылды
Операция барысында халықаралық іздеуде жүрген 21 адам ұсталды.
Қазақстанда 8–12 маусым аралығында өткен «Заңсыз қоныс аударушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде көші-қон заңнамасын бұзған мыңдаған адам анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Бес күн ішінде полиция қызметкерлері шетел азаматтары тұруы және жұмыс істеуі мүмкін құрылыс нысандарды, базарларды және жалдамалы пәтерлерді тексерген.
Тексеру барысында көші-қон талаптарын бұзған 13 мың адам анықталды. Оның ішінде 10 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстан аумағында заңсыз жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 4 мыңға жуық адам тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін ұйымдастырған.
Сот шешімімен 1 500 шетел азаматын елден шығару туралы қаулы қабылданды. Оның ішінде 122 адам Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылып, алдағы бес жыл ішінде елге қайта кіру құқығынан айырылды.
Сонымен қатар операция барысында халықаралық іздеуде жүрген 21 адам ұсталды.