Спорт

Михаил Шайдоров пен министрлік арасында ешқандай текетірес болған жоқ – министрлік

Мырзабосыновтың айтуынша, тиісті бұйрыққа ертерек қол қойылған.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров пен министрлік арасында ешқандай текетірес болмағанын айтты. Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте ол бұл мәселеге қатысты қоғамда қалыптасқан пікірге БАҚ-тағы жарияланымдар әсер еткенін жеткізді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.

Журналист Тамара Вааль министрден Шайдоровқа қатысты дау кезінде арнайы тапсырыс болды ма деп сұрады. Алайда Мырзабосынов бұл сұраққа нақты жауап бермей, журналистер көбіне жағымсыз ақпаратқа көбірек назар аударатынын айтты.

Оның сөзінше, министрлік пен спортшыны бір-біріне қарсы тарап ретінде көрсету дұрыс емес. Мырзабосынов ведомство мен Шайдоров арасында ешқандай жанжал жоқ екенін, керісінше спортшыны алдағы жарыстарға дайындау жұмысы бірге жүріп жатқанын мәлімдеді.

Министр мұндай жарияланымдар спортшының өзіне де кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, халықаралық спорт алаңында ел ішіндегі кез келген дау назардан тыс қалмайды.

Брифингте журналистер министрден Шайдоровқа «еңбек сіңірген спорт шебері» атағына қатысты құжаттың неге кеш табысталғанын да сұрады.

Мырзабосыновтың айтуынша, тиісті бұйрыққа ертерек қол қойылған. Алайда техникалық себептерге байланысты құжатты сол уақытта спортшының өзіне тапсыру мүмкін болмаған.

Еске салайық, Михаил Шайдоров төңірегіндегі дау 27 мамырда басталған еді. Ол Тимур Балымбетовке берген сұхбатында бес айдан бері жалақы алмағанын және «еңбек сіңірген спорт шебері» құжаты қолына тимегенін айтқан болатын.