Елімізде баспана қымбаттай ма – сарапшы
Елімізде жақында "Наурыз" жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама басталған алғашқы күні – 25 сәуірде 1124 өтінім сәтті қабылданған. Жаңа ипотека тұрғын үй нарығына қалай әсер етуі мүмкін?
"Отбасы банк" төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов бағдарлама қатысушыларына депозитті ашу мерзіміне ешқандай талап қойылмайтынын, депозитте кем дегенде 1 млн теңге болуы тиіс екенін айтты.
Экономист Ләззат Нұрғалиқызының сөзінше, "Наурыз" бағдарламасы 35 жасқа дейінгі жастарға өзіндік көмегін тигізеді.
Сөзінше, сырттан келетін шикізатқа байланысты баға құбылады. Алайда бұл арзандау емес, қымбаттауына әсер етеді, деп есептейді сарапшы.
Ұлттық статистика бюросының дерегін қарайтын болсақ, биылғы наурызда жаңа тұрғын үйлер бағасы жылдық мәнде 1,3%-ға өсті. Қолданыстағы пәтерлердің сауда бағасы 2,3%-ға төмендеп, үйді жалға алу төлемі 2,3% қымбаттады.
Республика бойынша жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтөбе (8,9%), Қызылордада (7,1%) ең көп қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер Атырау (10,8%), Талдықорғанда (8,8%), тұрғын үйді жалға алу нарығында Қарағанды (23%), Жезқазған (22,4%), Атырау және Талдықорғанда қымбаттады.
"Егер шетелдіктермен салыстыратын болсақ, мәселен, АҚШ, Еуропаның көптеген елінде ипотекалық бағдарламалардың пайыздары өте төмен. Бірақ енді олардың үйлерінің бағасы қымбат, алатын қаржысы көп деп айтсақ та, олардың жағдайы төмен, жаңа отау құрған жастарға арналған бағдарламалары бар. Қытайда да муниципалды бағдарламалар бар. Бізде де мысалға үй құнының 20 пайызын жинап, әрі қарай оны алғашқы жарна ретінде салуға болады", - деді экономист.