Түркістандық оқушы әлемнің 80-нен жоғары оқу орыннан шақырту алған
Оның бұдан бөлек те жетістігі көп.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орта мектепті тәмамдаған Медина Нұрәлі әлемнің 80-нен астам жоғары оқу орнынан шақырту алды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазақстандық түлекке АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, БАӘ және Еуропаның бірқатар беделді университеттері ұсыныс жасаған.
Халықаралық оқу орындары Мединаның академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қабілетін және қоғамдық белсенділігін жоғары бағалап, оған оқу мен гранттық мүмкіндіктер ұсынған.
Медина Нұрәлі IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, шетелдік университеттерде білім алуға толық дайын екенін дәлелдеді.
Оның бұдан бөлек те жетістігі көп. Ол ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысып, ағылшын тілі пәнінен республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленген. Сонымен қатар республикалық "Ой зерек" олимпиадасының жеңімпазы атанған.
Әлемнің ондаған жоғары оқу орнынан шақырту алғанына қарамастан, Медина өз таңдауын жасап үлгерген. Министрлік мәліметінше, ол Оңтүстік Кореядағы Inha University оқу орнын таңдауға ниетті.