Экономика

Ұлттық валюта бағамы әлсіремейді

Бұл туралы Тимур Сүлейменов айтты.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі ұлттық валюта бағамының әлсіреуіне әкеп соқпайды. Бұл жөнінде журналистерге арналған арнайы брифинг барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Бас банкир қаржылық реттеуші тарапынан теңгенің күрт құлдырауына әкелетін ешқандай тәуекелдер байқалмайтынын айтып, қазақстандықтарды тыныштандырды.

Ұлттық банк басшысының түсіндіруінше, қазіргі таңда бекітілген мөлшерлеме деңгейі теңгелік активтердің тартымдылығын толық сақтап тұр. Сондықтан бұл өзгеріс нарықтағы сұранысқа айтарлықтай ықпал ете қоймайды.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта валюта нарығына мүлдем басқа процестер, соның ішінде бюджет қаражатының қозғалысы көбірек ықпал етуде. Атап айтқанда, қаржы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жетіп, олар тендер жариялағанға дейін валютаға деген сұраныс тұрақты күйде қала бермек.

Сонымен қатар ұлттық валюта құнына дәстүрлі түрде маусымдық фактор да әсер етеді. Жазғы уақытта қазақстандықтардың демалысқа шығуы мен шетелдік валютаны жаппай сатып алуы бағамның біраз жоғарылауына себеп болады.

Дегенмен, жалпы макроэкономикалық ахуал Қазақстан үшін өте қолайлы болып отыр. Елдегі энергетикалық ресурстар бағасының жоғары болуы мемлекетке тұрақты валюталық түсім әкелуде.