Экономика

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешімі 24 шілдеде жарияланады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Ақша-кредит саясатын жұмсартуға елдегі инфляциялық процестердің баяулауы негізгі себеп болды. Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4%-ға дейін төмендесе, айлық көрсеткіш 0,7%-ға дейін баяулады. Сонымен қатар халықтың инфляциялық күтулері де айтарлықтай төмендеп, сәуірдегі 14,6%-дан мамырда 12,7%-ға дейін азайған.

Осы оң үрдістерге байланысты Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын да қайта қарады. Ендігі кезекте аталған көрсеткіш бұрын жоспарланған 9,5–11,5% деңгейінің орнына 9–11% аралығында болады деп күтілуде.

Бұл – базалық мөлшерлеменің 2025 жылдың қазан айынан бергі алғашқы өзгерісі. Сол тұста реттеуші мөлшерлемені күрт 18%-ға дейін көтерген болатын. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешімі 24 шілдеде жарияланады.